Биыл қыркүйектен бастап мектептердің қағаз жүзіндегі есептері қысқартылады

2016 жылғы қыркүйектен бастап мектептердегі қағаз есептілікке тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Астанада халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлімдеді.
«Мұғалімдердің есептілік құжаттарын толтыру машақаты қиын мәселе, дегенмен де бұл бағытта елеулі жұмыстар атқарылды. Осы ретте 2016 жылдың қыркүйегінде мектептерде қағаз жүзіндегі есептілікке тыйым салу мақсатын алдымызға қойып отырмыз. Бұл тұрғыда жұмыстар үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі, ҚР БҒМ-ның ІТ-департаментін күшейтуге негізделген. Қазіргі кезде осы шаралармен айналысудамыз, қажетті мамандарды қабылдап, олардың қызметін кеңейтудеміз. Бұл өз кезегінде жекелеген мәліметтер базасын бірыңғай жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар есептілікке қатысты жағдайды нақты суреттеуге ықпал еттеді », — деді Е. Сағадиев.

Бұдан бөлек екінші бағытқа тоқталған министр: «Бізде Қазақстандағы әрбір ведомство мектеппен тікелей байланысып, есептілікті талап ету құқығына ие болған еді. Біз тиісті өзгертулер енгіздік. Жақында Президент балалар құқығын қорғау заңнамасын қабылдады, осы орайда бұл заңда ҚР БҒМ мектептерден есептілікті талап ететін жалғыз орган болып табылатындығы туралы норма бар», — деді.

Үшіншіден, енді Білім және ғылым министрлігі талап ететін есептілікті ретке келтіруге мән беріледі.

«Енді ақпарат алғыларыңыз келсе, мектепке бармайсыздар, яғни министрлікке сұрау жасайсыздар. Осы ретте біз мұғалімдерді қорғаймыз. Біз өзіміздің ішкі есептілікті қысқартып, ретке келтіруіміз қажет. 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қағаз есептілікке тыйым салып, оның көлемін айтарлықтай қысқартуды көздеп отырмыз»,-деп түйді сөзін министр.

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *