«Салайын мен әніме…»

Аптаның орта шенінде аудандық мәдени — сауықтыру орталығында өнер сүйер қауымға құшағын айқара ашқан шырайлы шара өтті. Ақтоғай сахнасын әсем ән мен сұлу саз тербеп, тәтті күй кернеді. Шараның басты кейіпкері халықаралық «Түркі әлемі» фестивалі, республикалық Майра Уәлиқызы, Күләш Байсейітова атындағы байқаулардың лауреаты, Шашубай Қошқарбайұлы атындағы аймақтық байқаудың бас жүлдегері Бота  Ноғаева.

Бота Ноғаева өнерде кездейсоқ жүрген «көлденеңді көк атты» емес. Ботаның бойына әншілік, сазгерлік, ақындық сан алуан талант пен өнер ана сүтімен, әке қанымен дарыған.

Бота Ноғаеваның әкесі Ноғай Ақтоғайға бөтен емес. Кезінде осы Ақтоғайда басшылық қызмет атқарған. Мына Жәмшімен жапсарлас жатқан Ақшатау өңірінің тумасы. Тарихта Көкбөрі-Керней батыр деген атымен белгілі Керней бабаның мәуелі бір бұтағы. Өткен ғасырдың отызыншы-алпысыншы жылдары өмір сүрген, қазақ халқының саусақпен санарлық зиялы қауым өкілдерінің бірі болған адам. Көзін көрген жандар «Ноғай Қалиұлы бойында ақындық-сазгерлік, әншілік өнері бар, сал-сері, өзіндік ұстын-ұстанымы бар кісі» деседі. Шет, Қарқаралы аудандарының газетінде қызмет жасаған алғашқы кәсіби журналистердің бірі екен. Ноғайдың жары, Ботаның анасы Шолпан шешеміз де осы өзіміздің Ақтоғайдың қызы көрінеді. Демек, Бота Ноғайқызының ақтоғайлықтар үшін еш жаттығы жоқ деген сөз.

Міне, араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, әнші Бота, ақын Бота, сазгер Бота кешегі әкесінің айшықты ізі қалған, нағашы жұртына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Салайын мен әніме…» деп аталған есеп беру шығармашылық сапарымен келіп отыр. Ботаны ақтоғайлық өнер сүйер қауым зор қошемет-құрметпен қарсы алып, өрелі де өрісті өнеріне тәнті болып, ыстық құшақтарына басты.

Әнші Бота көмейінен Әсеттің «Інжу-маржаны» Ақтоғайдың талғампаз тындармандарының ақ самала сезімін тербеп, «құлақтан кіріп, бойды алып», үлкен рухани ләззат сыйлады. Жалпы, өнер мен шығармашылық Ноғай әулетіне Алланың берген ортақ сыйы. Ботаның туған ағасы Болат Ноғайұлының да ақындық, сазгерлік өнері барын мен белгілі жазушы-журналист Төрехан Майбастан естіген болатынмын. Ал, гитара шертіп, ән салатынын сонау бозбала шақта әскер қатарында бірге болған кезден білетінмін. Бөкең әскерде жүріп Серік Нұрғалиевпен бірге полкте ансамбль мүшесі болған. Ауылшаруашылық саласында үлкен-үлкен лауазымды қызметтер атқарған, Астана қаласында ауыл шаруашылығын қолдау қорының төраға орынбасарының міндетін атқарып жүріп, құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққан. Қазір сол Астана қаласында тұрып жатыр.

Шет, Жаңаарқа аудандарынан қанат қаққан Бота Абай ауданында тынысы ашылып, әншілік шеберлігі, сазгерлік қабілеті артып, есімі қалың жұртшылыққа танылып, өнер әлеміне қадам басқан жас өнерпаздарға ұстаз атанды. Ақтоғайға шығармашылық сапарға шыққан әнші Ботаның шашбауын, өнер жолында бірге жүрген ізбасар іні-сіңлілері Е. Мейірбеков, Д. Жұмағұлова, А.Манабаев, Е. Қылышбаев, Ә.Адамбаев, А.Әділбекова «Алау» әншілер тобы рухани қолдау көрсетіп ілесе келіп, Болат, Бота Ноғаевтардың авторлық туындыларын көрермен қауымның назарына ұсынса, «Керей» күйшілер дуэті Нұрғиса Тілендиеатің «Әлқисса», Е. Әміровтің «Сағым» күйінен шашу шашты.

Жерлесіміз Айсұлу Әділбекова мен Бота Ноғаеваның өзіндік әрлеуіндегі Ақтоғайдың әнұраны «Ақтоғай — алтын бесігім» сәтті орындалып, көпшіліктің көңіліне жол тапты.

Сегіз қырлы, бір сырлы Бота Ноғаеваны сахна төрінен кешегі әкесінің көзін көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сәтеков, ішкі істер бөлімінің құрметті ардагері С. Сыздықов ағаларымыз ізгі тілектерін білдіріп, аудандық мәслихат хатшысы Р.Әбеуов әншіні, өнерпазды шығармашылық кешімен құттықтап, аудан әкімі, аудандық мәслихат атынан Алғыс хат тапсырып, өте құнды, қасиетті Құран кітабын сыйлады.

Иә, сөйтіп, ақтоғайлықтардың көңілін әсем ән, сұлу сазбен жаулаған ақын-сазгер, әнші Бота Ноғаева құшақ жая қарсы алған ақтоғайлықтарға алғысын жаудырып, ризашылығын білдіріп, шығармашылық кешінің шымылдығын түсірді.

Манаргүл Мүтәліп

«Тоқырауын тынысы» газетінің тілшісі

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *