Қазақ күресінің болашағы

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата — бабаларымыз «тәні саудың – жаны сау» — деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады.

Бұл туралы ұлы ойшыл Ибн Сина да өз шығармаларында айтқан. Ол сондай — ақ спортты мағынасына қарай жеңіл, ауыр, ұзын, қысқа сияқты бірнеше түрге бөлген. Денсаулық пен өмірді дамыту үшін кем дегенде спорттың 33 түрінен жаттығу жасау керектігін айтқан. Ауданымызда спорт саласына аса мән беріп, спорт мектебінің бірнеше әлемге, респуьликамызға, облысымызға танымал спортшыларды тәрбиелеп жатқандығы баршамызға аян. Қаламыздағы спорт мектебінің түлегі, жастайынан қазақ күресімен айналысып жүрген оқушы баламыз Айдар Онайбек туралы әңгімелемекпіз.

Шынашақтайынан күрес залынан табыла білген Айдар Онайбеков жаттығуда жанын сала, барын сала тер төгіп келеді. Ол 2003 жылы Топар кентінде дүниеге келген. Айдар бес жасында Абай қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде бапкері Қанат Төлепбергеннің қоластында жаттығуын бастайды. Содан бері қазіргі таңға дейін күреспен айналысып келеді. Биылғы жылы 8 – сыныпқа көшкен жас күресшінің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Ол биылғы жылдың сәуір айында «Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Қазақстан республикасының спорт шеберлігіне үміткер» атағын берген. Ең ірі жеңістері аудандық, облыстық және республикалық турнирлердің жеңімпазы атанған.

«Ата көрген оқ жонар» демекші атасы, әкесі спорттан алыс емес. Кішкене кезінен Айдарды күреске баулыған әке Мыңжасар Оңайбекұлы: «баланың қанында бар дүние. Атасы да кезінде күреспен айналысқан. Менде, бауырларымда күреске қатысқан болатынбыз. Отбасымызбен спортпен шұғылданғанды жақсы көреміз. Оның ішінде қазақша күрес жанымызға жақын. Айдардың бала кезінен күреске бейімділігін байқап, қазақша күреске берген болатынмын. Нәтижесі жаман емес. Барған жерлерінде жүлдемен оралып, бірінші орын иеленіп келеді. Алдағы уақытта да баламның жеңістермен қунтатына сенімдімін, — дейді баласының болашағына зор үмітпен қараған әке.

Күресші баланың ендігі мақсаты – Қазақстан барысы атанып, Олимпиададан жүлде алу. «Кез келген спортшының арманы – Олимпиада чемпионы атану. Менің де арманым осы. Елімнің көк туын аспанымда желбіретсем, одан асқан бақыт жоқ. Алдыңғы топ ағаларым секілді «Қазақстан барысы атанғым келеді». Өзімнің күрестегі пір тұтатыным – Бейбіт Ыстыбаев. Сол ағам секіліді жетістіктерге жеткім келеді. Бұдан басқа Ержан Шыныкеев, Айбек Нұрланов балуандарыда жаныма жақын. Атам маған әрдайым «сен чемпион боласың» дейтін. Осы сөздерді әр уақытта жадымда ұстап жүрем», – дейді бала Айдар.

Дарынды күресші әрбір шыққан жекпе – жектегі қателіктерімді бапкеріммен ақылдаса және өзімде ескере отырып, келесі де қайталамауға тырысамын дейді. Әрбір чемпионның артында нәзікте болса, рухымен күшті ана тұрады. Айдарды жарыстарға қатыстырып, жарыстармен түрлі қалаларға бару керек болғанда қоса баратын, анасы – Айгүл Қазбекқызының да еңбегі зор. «Мен балам үшін әрдайым уайымдап жүремін. Жарыстарға қатыстырғаннан кейін жүлделі орындаға ие болғанын да қалайсың. Көп еңбектенгеннен кейін жемісіңде көргің келеді. Мен үшін менің ұлым – ең үздік болып саналады», — деді ағынан жарылған анасы.

 

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *