АТТЕСТАЦИЯ МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТШIЛЕРДIҢ ӘЛЕУЕТIН АНЫҚТАЙДЫ

«100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының 15 – қадамына сәйкес биылғы жылы І жартыжылдықта «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік   қызметшілер кешенді аттес¬тациядан өтеді. Сол себепті аудандық әкімдікте 24 қаңтар күні кешенді аттестациядан өту ережелерімен Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл департаментінің бөлім басшысы Дидар Смағұлов жіпке тізгендей рет – ретімен айтып берді.

Аттестацияның мақсаты – нақты мемлекеттік лауазымдағы кәсіби қызметті тиімді орындауда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейі және оның құзыреттілікпен сәйкестігін анықтау.  Аттестациядан өтетін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби сапасы мен олардың қажетті білімі, икемділігі мен машықтану  деңгейінің дәрежесі үш кезеңде анықталады. Бірінші кезеңде аттестациядан өтуші    бағалау парағының жәрдемімен  бағасын алады. Екінші кезеңде қызметші өзіндік құзыреттілік  бағасын алу үшін тестілеуден өтеді. Бұл бағалау арнайы автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізіледі. Үшінші кезеңде қызметші аттестациялық комиссияда әңгімелесуден өтеді.

Аттестация бітісімен аттестациялық комиссия шешімімен әрбір аттестациядан өтушінің бүкіл болып өткен кезеңде жинақтаған нәтижесі санатқа алынады.  Комиссия  шешімі мынадай болуы мүмкін:  1) атқаратын лауазымына сай келеді және лауазымын жоғарылатуға ұсынылады; 2) атқаратын лауазымына сай емес; 3) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келмейді және лауазымын төмендетуге ұсынылады; 4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келмейді және қызметтен босатуға ұсынылады.

Аттестация қорытындысымен лауазымды  жоғарылату бос орын болған, сондай – ақ,  қызметші біліктілік талабына сай келген ретте конкурстық рәсімсіз жүргізіледі. Аттестациядан өтпеген және төменгі лауазымға ұсыну жөніндегі комиссия шешімінен бас тартқан мемлекеттік қызметші қызметінен босатылады. Дәлелді себепсіз аттестациялық комиссия отырысына  екі рет келмеген қызметші де қызметінен  шығарылады. Аттестациялық  комиссия  шешіміне байланысты, мемлекеттік орган  басшысына, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне немесе оның аумақтық департаментіне, не болмаса сотқа шағымдануға болады.

Аттестациялауға «Б» корпусындағы барлық қызметші жатпайды. Аттестациядан босатылатын тұлғалардың тізбесі   қарастырылған. Бұған әлеуметтік осал топтар: аттестация кезеңінде зейнет жасына екі жыл не одан аз  уақыт  қалған тұлғалар; жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, 14 жасқа дейінгі баласы бар (18 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар) жалғызбасты аналар мен әкелер, сондай-ақ,  «А» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызмет  кадрлық резервінде тұрған, мемлекеттік қызметке бірінші рет қабылданғандар мен   жұмыс өтілі жарты жылдан аспайтын қызметшілер аттестациядан босатылады. Аттестация өтетін мерзім қаңтар – маусым айлары. Сол сияқты жиын соңында сұрақтар қойылып, оларға жауаптары берілді.

Г.Оңалысқызы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *