«Масленица» мерекесі тойланды

Қаһарлы қыстың соңғы күндерін шығарып салып, көктемнің шуақты күнін үлкен мерекемен қарсы алатын дәстүр биыл да ерекше аталып өтті. Қарағанды селолық округы орталығында «Масленица» мерекесі қызығы мол той-думанға ұласты. Мерекені тойлауға келген халықта есеп жоқ. Ұлт пен ұлысқа бөлінбеген тұрғындар  аталмыш шараны мерекелеуге ерекше дайындалыпты. Жайылған дастархандар түрлі тағамдарға лық толы. Ал ең бастысы — құймақ молынан.

Аталмыш мереке  – қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алатын ежелгі славян халқының ұлттық меркесі. Мейрам кезінде міндетті түрде құймақтың түр түрі пісіріледі. Құймақ – шеңбер тәрізді, яғни күн пішінін бейнелейді. Сондықтан да, күннің, көктем мен жылылықтың символы, мерекенің бұлжымас белгісі. Алайда масленица кезінде тек тағамдар пісіріліп қана қоймайды, сонымен қатар би билеп, ән айту, бір-бірінің үйіне қонаққа бару сынды салттар да бар.

Алайда жартастықтар үшін масленница мерекесінің басты мәні «Звонница» славян орталығының ашылу салтанаты болды. Ауыл әкімі Рашид Жарылғасынов пен жаңа орталықтың жас басшысы Иван Гороховтың  салтанатты түрде лентаны қию рәсімін орындағаннан кейін, әулие әкей Тихон орталықта тазалау дәстүрін жүргізіп, әулиелердің көркем бейнесіндегі сиыну иконасын сыйға тартты. Бұдан кейін мерекеге жиналған тұрғындар ән мен биге толы көңілді шараны бастап кетті.

Дәмге толы дастархан, әуелеген ән мен түрлі билер жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Орыстың ұлттық киімін киген жастар мен үлкендер думанның ажарын кіргізіп арқа-жарқа. Атына заты сай мерекеде көпшілік құймақ пен май шелпекке әбден тойды. «Масленицаның» ерекшелігі де осы — араздығы бар адамдар бұл күні қауышып, бір-біріне кішіпейілдік танытады, дастарханнан дәм татқызады.

Айта кету керек, Жартас елді мекенінде жиырмаға жуық ұлттың өкілі тұрады. Тайлы таяғы қалмай көңілді мерекеге жиналған тұрғындар ән мен биден кейін орыс ұлтының түрлі ойындарын ойнады. Ал білекті де өз күшіне сенімді жастар түрлі ойындарға белсене қатысып жатты. Ең қиыны шөркеге шығып, жүру болды. Мерекенің соңында сабаннан жасалған мүсін, яғни қарақшы жағылды. Дәстүр бойынша олар тұлып-қарақшыны өртеп, қыспен қош айтысты. Ол қарды жібітіп, көктемнің келуін жақындатады деген сенім дейді жұртышылық.

 

М.БАЛКЕЕВА

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *