Су тасқыны — тұрақты бақылауда

Қасат қардың көбесі сөгіліп, көктемнің төбесі көріне бастайтын сәуір айы төтенше жағдайлар қызметі үшін нағыз қарбалас тударытан мезгіл. Жұртты дүрліктіріп, құтқару қызметінің мамандарын аяқтарынан тік тұрғызатын кезеңге жасалған дайындық жұмыстары аудан басшылығы тарапынан үнемі жіті назарда. Әсіресе бөгеттер мен су шаю қаупі бар жолдар тұрақты бақылауға алынған. Олардың ішіндегі ең маңыздысы — Топар бөгеті мен су шаю қаупі бар Көксу ауылының көпірі және Тасзаимка көлік жолдары болып отыр. Өткен сенбіде аудан әкімі Серік Шайдаров жұмыс сапары барысында аталған нысандарды тексеріп шықты.

Бүгінгі таңда Абай ауданы бойынша қызыл суға қарсы дайындық тыңғылықты жүргізілген. Ал ауа –райының күрт жылынуы мен су қоймаларынан ағызылған су қалыпты деңгейді құрап отыр.

Аудан әкімінің жұмыс сапары барысында бірінші тексерген нысаны Құлаайғыр ауылы мен Топар бөгеті болды. Аталмыш ауыл әкімі Нұржан Кенжебаев аудан басшысына апатты жағдайдың алдын алу үшін және тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалынатын дайындық жұмыстар жайын баяндады. Себебі ең басты мақсат – жұртшылықтың қауіпсіздігі.

Сондай-ақ Көксу ауылының да көктемгі су тасу науқанына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Ауыл әкімі Галина Журавицкая мезгілдік науқанға байланысты дайындық жұмыстары туралы баяндай келе, қолданылып жатқан шараларды айтып өтті.

Басшылық өкілдерінің бетке алған келесі нысаны – Тасзаимка автокөлік жолы болды. Себебі бұл жолды су басу қаупі әлі де сейілмеген. Жолдың сол жағына құм салынған қаптар төселініп, үстіне тағы құм төгілген. Әрі дәл осы кірме жолдың бойынша су өткізгіш шығыршықтар орнатылған. Көктемгі еріген қар суы мен су қоймалардан жіберілген сулардың барлығы да осы шығыршықтар арқылы өтіп, жол бойындағы өзенге құяды. Алайда бұл сулардан автокөлік жолдарына келер қауіп жоқ.

Су тасқынына байланысты дайындық жұмыстарын тағы бір пысықтап өткен аудан басшысы шаруа қожалықтарының жетекшілерімен сөйлесіп, бірігіп іс жасауға шақырды.

 

М.Балкеева

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *