Сенбілікте серпін бар

Өткен сенбі күні ауданымызда көктемгі екі айлық тазалық жұмыстарының атқарылуын бақылау мақсатында аудан әкімі Серік Шайдаров қала көшелерін аралап шықты.  Таңертеңнен бастап мекеме, кәсіпорын, білім ошақтары қызметкерлері сенбілікке бір кісідей қатысты. Сенбілікшілер өздеріне бекітіліп берілген аумақты қоқыс-қалдықтан тазартты. Ағаш түптерін, жол жиегін әктеп, қаламыздың көріктеніп, әсемденуіне бір кісідей атсалысты. Т іпті бұл жолы сенбілікке адам күші ғана емес, техника күші де тартылған. Қураған ағаш бұтақтары кесіліп, бей-берекет шашылып жатқан қоқыс қалдықтары толығымен алынды.

Сенбілік барысында қанша күл-қоқыс жиналып, сыртқа шығарылғанын, қанша ағаштың түбі қопсытылып, әктелгенін тізбелеп, ресми сандық көрсеткішке жүгіну – шарт емес. Бүкпесіз айтсақ, абайлықтардың тегеурінді іс қимылын көзбен көріп, бағамдап, көңілге тоқи тұрып, мұндай қисынды, әрі қисынсыз сауалды алға тарту өзіміз үшін қолайсыз шаруа санадық.

Дегенмен, көңілге кірбің ұялататын жайттардың да болғанын айту ләзім. Қала ішін аралау барысында көп қабатты үйлердің қоқыс жәшіктерінің жанында тұрмыстық түрлі қалдықтардың шашылып жатқанына куә болдық. Қала тазалығының сақталуына кейбір көпқабатты үй тұрғындарының  немқұрайлы қарайтынына қарның ашады. Оны қолындағы қалдық салынған пакетті күл-қоқыс жинайтын жәшіктерге жетпей лақтырылып, қалай болса солай шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан-ақ аңғаруға болады.

«Ауласы тазаның – ауасы таза» деген қанатты қағида бар. Сенбілік барысында қала ішін аралау кезінде аудан басшысы  қоқыстардан басқа, тағы бір мәселеге ден қою керектегін ашып айтты. Ол көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру. Бүгінгі таңда тұрғындар аулаларын өз қолдарымен барынша безендіреді. Қарапайым болса да, бірақ қарабайыр емес. Сырт көзге қарағанда ақтаңдақ шаңы шығып, жаңбыр жауғанда батпақ болып жатқанша, осылайша әсемдеп қою өте әдемі.

«Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөзді әрқайсымыз жақсы білеміз. Оны айтпағанның өзінде, қаламыздың көркі ажарланып тұрғаны әркімге ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ендеше әр заттың атына лайықты болуы үшін әрбір қала тұрғыны қолдан келгенін жасауы керек.

 

Меруерт БАЛКЕЕВА

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *