АТТАНДЫҚ САПАРҒА, КӨҢІЛДЕ МОЛ АРМАН

Жылдағы дәстүрге сай аудандық мәдениет үйінің алаңында мектеп бітірушілердің, «Алтын белгі» және «Үздік аттестатпен» аяқтаған түлектерді марапаттауға арналған салтанатты кеші өтті. Шуақты кеште жас түлектерге құрмет пен қошемет көрсетілді. Жас түлектерге арналған салтанатты кешке жиналған оқушылардың ата-аналарын, ұстаздарын үлкен қуаныштарымен Абай ауданының әкімі Серік Шайдаров құттықтады.

— Бұл күн балалары осы бір қуанышты сәтке жетсе деп армандаған ата – аналар, он бір жыл бойы жақсылыққа тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқан қадірлі ұстаздар, барлығымыз үшін мерейлі мереке. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл – қыздарымыз өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Осы бір өмірлік маңызға ие жауапты кезеңде басқалы тұрған қадамдарыңа сәттілік тілеймін, — деді құттықтау сөзінде.

Ағымдағы жылы оқу жылында 11 – сыныпты 280 оқушы бітірген. Биылғы емтихан тапсыру әдісі бұрынғыдан өзгерек болды. Олар емтихандарын өз мектеп қабырғаларында тапсырды. Соның нәтижесінде 13 түлек «Алтын белгі» төс белгісінің және 7 түлек үздік аттестат иегері атанды. Әрбір оқушының аты ерекше құрметпен  аталып көңілдерін шаттық пен қимастық сезімі кернеген түлектерге аудан басшысы салтанатты түрде қолдарына табыстады. Сонымен қатар аудан әкімі еліміздің болашағына үлес қосар азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп өсіргені үшін ата – аналарын да алғыс хаттармен марапаттады.

Мектеп бітіруші түлектер де «Алтын белгі» төс белгісі мен үздік аттестат иегерлері Яна Новак, Толқын Ракишева и Любовь Горбатко өздерінің ыстық ықыластарын ата – аналары мен ұстаздарына арнады.

Әр мектеп білім – тәрбиесімен баптап ұшырған балапандарының бағыт – бағдарына алаңдайды, жеткен жетістіктерімен мақтанады. Білім мәртебесінің биігіне көтерілген жеткіншектерімізге деген өзінің ұстаздық, аналық тілегін №14 мектеп – лицейінің директоры Натаван Абушова жеткізді.

Ата – аналар тарапынан балаларын 11 жыл білім нәрімен сусындатқан білім ошағының ұстаздарына, түлектердің сынып жетекшілеріне Қашипа Бекмолдина алғыстарын жеткізе келе, перзенттеріне сәттілік тіледі. Аталмыш шарада жас түлектер салтанатты түрде Тәуелсіз еліміздің абыройын асқақтата беруге халықтың алдында ант берді.

Мектеп бітіруші түлектердің кешін әсем ән мен би құлпырта түсті.  Қызыққа толы балдәуреннен ересектер өміріне бет алған болашақ иегерлерінің қуанышына арналған салтанатты кештің соңы естелік суретке түсумен аяқталды. Бұл сәт олардың жадында мәңгілікке сақталатынына сеніміміз мол.

 

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *