Жөндеу жұмыстары халық қалаулылары назарында

Аудандық мәслихат депутаттары кезекті тексеріске шықты. Бұл жолы халық қалаулылары қала ішілік жол жөндеу жұмыстары барысымен және орталық саябақтағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Шаһар басшысы Ерғали Қысрауынов депутаттарды жол жөндеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттандырды. Тексерістің әлқиссасы Жеңіс даңғылы бойында  орнатылып жатқан жиектастардың ағымдық жөндеу жұмыстарынан басталды. Абай көшесінен орталық мешіт пен орталық базарға дейінгі аралықтағы жұмыстарға мердігер компаниямен 9199,0 мың теңгеге келісім шарт жасалынған. Бүгінде, белгіленген жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1200 метр болатын жиектас салу жұмысының қазіргі кезде 1120 метрі салынып біткен. Яғни атқарушы мердігер мекеме өкілдері жұмыстың 60 пайызын орындаған. Тапсырыс орындаушы «Қазақ мылқаулар қауымдастығы оқу-өндірістік кәсіпорны». Мердігер мекеме басшылығының айтуынша, қалған жұмыстар белгіленген уақытынан бұрын бітпек.

Бұдан кейін аудандық мәслихат депутаттары құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан орталық саябаққа ат басын бұрды. Абай аудандық «ТҮКШ ЖК  АЖ және ТҮИ» ММ басшысы Димаш Сүлейменов халық қалаулыларын жан-жақты ақпараттандырып, сауалдарына жауап берді. Бұл саябақта аудандық ұлы отан соғысының ардагерлеріне арналған биіктігі 16 метр болатын монумент орнатылады. Және де «Жауынгер интернационалистер» мен «Жас отбасы» тақырыбында екі мүсіндік композиция, мәрмәр таспен қапталған 2 субұрқақ, түрлі іс-шараларды өткізуге арналған абаттандырылған алаң, күркелер, балалар алаңы салынып, жалпы аумағы 1660 шаршы метр жер көгалдандырылады. Сондай-ақ кеспе тастар да төселініп, қонақтардың көлік тұрақтарына арналған аумақ жолы асфальтталынады. Бүгінде орталық саябақтағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Мердігер компания — «Ассар KZ» ЖШС-гі.

Халық қалаулылары қаланың екінші ықшам ауданын да назардан тыс қалдырмады. Бұл жерде де жиектастар салынып, алдағы уақытта қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер тоқсайтын қалталар салынады.

Аудандық мәслихат депутаттары қала ішілік орташа жол жөндеу жұмыстарына да зер салды. Қазіргі кезде Энгельс көшесі бойынша К.Маркс көшесінен Промышленная көшесіне дейінгі ұзындығы 500 метр болатын көлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тапсырыс беруші мен мердігер компания «Ақсу-Т» ЖШС-мен 28582,0 мың теңгеге келісім шартқа отырған. Бүгінде аталмыш көше жолы бойынша 500 мм болатын тереңдік қазылып, тасты жермен қатар ұзындығы 450 метр жерге ұсақ тастар төселінген. 470 метр жиектастар жеткізіліп, Энгельс көшесі бойынша оның 310 метрі орнатылған. Дәл осындай жұмыстар К.Маркс көшесінен Промышленная көшесіне дейінгі аралықтағы Ленин көшесінде де жүргізілуде.

Қазіргі кезде Абай қаласы бойынша жалпы ауданы 12 999 шаршы метрді құрайтын автокөлік жолдарының ағымдық жөндеу жұмыстарына 30420,0 мың теңге бөлінген. Оның 8529 шаршы метрді асфальтталынуға берілсе, 3670 шаршы метрі шақпатасты негіздік болмақ. Бүгінде аталмыш жұмыстарды жүргізуде «АрмСтрой» ЖШС-мен 21011,0 мың теңгеге келісім шартқа қол қойылған. Жұмыстардың 60,9 пайызы орындалып, бөлінген қаржы 61,5 пайызға игерілген.

Осылайша қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан бір топ аудандық мәслихат депутаттары жөндеу жұмыстарына оң бағаларын берді.

Меруерт БАЛКЕЕВА

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *