«Сары-Арқа» спартакиадасы мәресіне жетті

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын спорт сүйер қауым үшін ұйымдастырылған дәстүрлі «Сары-Арқа» аудандық жазғы спартакиадасы өз мәресіне жетті. Қоғамдық маңызы зор спорт жарысына барлығы жиырмаға жуық команда мен 600-ден астам спортшы қатысты.

Спартакиаданың салтанатты ашылуына Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы М.С.Магзин, аудан әкімінің орынбасары Ә.А. Жүніспекова, Абай ауданы әкімдігі аппаратының басшысы К.Б.Қабдуалиева және мемлекеттік мекемелердің басшылары, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, спорт ардагерлері, спортшылар, жастар және жанкүйерлер қатысты. Шараның ашылуы әуелеген әнұранмен басталды. Одан әрі аудан әкімі міндетін атқарушы Мұрат Мағзин сөз алып, жиналғандарды құттықтады. Барлық спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеген жылы ықыласты құттықтауынан кейін, әуезді ән мен кербезді биге кезек берілді. Осылайша ауданымыздың маңдай алды өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жанкүйерлер мен спортшылардың мерекелік көңіл күйін бір көтеріп тастады. Ал ұрандатып сап түзеген ауылдық командалар өздерінің біркелкі спорттық киім үлгілерімен  айрықша ерекшеленді.

Мұнан соң дәстүр бойынша спартакиада туы көтеріліп, ашылу салтанаты аяқталысымен қатысушылар жарысты бастап кетті. Әр селолық округ пен ауылдардан және Топар кенті мен Абай қаласының намысын қорғауға келген команда ойыншылары спорттың 11 түрі бойынша күш сынасты. Білектілер мен жүректілер волейболдан, мини футболдан, қазақ күресінен, жазғы көпсайыстан, армрестлингтен, гір тасын көтеруден, тоғұзқұмалақ пен стол теннисінен, шахмат және шашкидан алғырлықтарын танытты.

Спортшылар спартакиаданың жүлделі орындарына тігілген кубокты сарапқа салып, өзара мықтыларды анықтады.

Сонымен барлық сайыстарды жіті бақылап, төрелік еткен кәсіби мамандардың ұпай көрсеткіштерін есептеу нәтижесінде спартакиада жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Жалпы командалық есеп бойынша Топар кентінің спортшылары жарыстың бас жүлдесін иеленсе,  екінші орын жүлдесі Южный ауылының командасына бұйырды. Ал үшінші орынның жүлдесі Құлағайыр селолық округының қанжығасына байланды.

Спартакиада жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздардың барлығы  медальдармен, дипломдармен марапатталды.

Өз тілшімізден

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *