АЛТЫН ҚАЗЫҚ ҚАРТТАРЫМ

Жыл сайын елімізде Қарттар күні аталып өтіледі. Бұл тәуелсіз еліміздің дамуына және қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдеріне деген еліміздің үлкен құрметінің, зор қамқорлығының белгісі. Осы күні қарияларымызға құрмет көрсетіп, олардың ақыл – кеңестері мен, ғұмырлық ғибратын үлгі тұтамыз. Бара жатқан, жылдар жүзіне терең із қалдырған қарттарға деген қамқорлық аясы да кеңейе түскен. Жыл сайын қатары сиреп, өмірінің көбі кетіп, азы қалған қарттарға қамқорлық көрсету ұлттық дәстүрімізге сай келетін тамаша іс. Бір сөзбен айтқанда дәстүр сабақтастығы.

Біздің қарияларымыз – еліміздің алтын қоры, салт-дәстүрдің шырақшылары, патриотизм мен іске адалдықты, асқан төзімділік пен табандылықты, қалыптастырушы буын.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Мағзин халықаралық қарттар күніне орай ауданымыздағы соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтады. Аудандық әкімдікте өткен шара барысында аудан басшысы тәуелсіздігіміздің негізін қалауға өлшеусіз үлесін қосқан қарияларға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті.

Ақсақалдардың әрбірімен амандасып, жылы лебізін білдіріп, шараны бастап берді.

— Сіздерді алда келе жатқан мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке аға буын адамдарын құрметтейтiн, ардагерлерге қамқорлық танытатын мереке болып саналады. Қарияларға қамқор болу — барлық қоғамның және әрбiрiмiздiң мiндетiмiз, өйткенi жасы ұлғайған адамдар — мемлекетiмiздiң алтын қоры, дәстүрлердiң сақтаушысы, патриоттылықтың, iске деген адалдықтың, ұлы шыдамдылық пен сенiмдiлiктiң жарқын үлгiсi. Бұл күнi бiз әрiптестерiмiзге, ата – аналарымызға және зейнеткерлiк жастағы барлық адамдарға құрмет бiлдiремiз. Олар соғыстың қатал мектебiнен, соғыстан кейiнгi құрылыстан өттi және туған елiмiздiң гүлденуi жолында көп күш – жiгерлерiн жұмсады. Осынау тамаша мереке қарсаңында Сiздерге мықты денсаулық, ашық аспан, шат көңiл тiлеймiн…» – деп жүрекжарды лебізін білдірді.

Бұдан кейін ауданда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстармен таныстырды. Яғни, жыл басында Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы және сәуір айындағы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бірқатар тапсырмаларды алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін жеткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған «Атамекен» бағдарламасын жүзеге асырып, өз елдімекендерін дамыту мақсатында демеушілердің қаражат есебінен 8 әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылмақшы. Сол сияқты қазіргі таңдағы талқыға түсіп жатқан латын әліпбиі төңірегінде өз ойын жеткізді. Бүгінгі уақытта бұл көпшіліктің талқысына түскен. Ауданымызда түсіндірме топтары құрылғын. Және де биылғы жылы білім, құрылыс салаларында, электр желілерінде, автокөлік жолдарында, кәріз, су құбырларындағы жасалған жөндеу жұмыстары туралы баяндап берді.

Жергілікті билік жайған ақ дастарқанға кезінде қызмет атқарған, аймақтың әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық – мәдени дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері шақырылды. Атап айтар болсақ, ауданымыздың құрметті азаматы Николай Дудкин, кенші еңбегінің ардагерлері Дмитрий Болотин, Владимир Малыхин, Нина Трояненко, Мурат Сатыбаев, жеңіл өнеркәсіптің еңбек сіңірген қызметкерлері Валентина Альмуханова, Жаңылдық Омарова, білім саласының ардагерлері Рауза Ихласова, денсаулық саласының ардагері Людмила Данилова, қаржы саласында – Флюра Шелипова, қоғамдық кеңес төрағасы Наталья Филипенко, көп жылдар бойы темір жолда жұмыс істеген Фатима Атбекова, еңбек ардагері Тұрысбек Шайкин, Тиыштық Махамбетчина, көпбалалы ана Ұлтуған Мейрамбаева, Анна Нестеренко, Мадина Мамлаева, биылғы жылы ауданымызға қосылған Дубовка кентінен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңескен Тоқтаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Раиса Қойлыбаева, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Зылиха Надирова қатысты.

Емен – жарқын әңгімелер елдің бүгіні мен болашағына арналды. Жасы егде тартқан, жүздерінен жылдар өз ізін қалдырған аяулы қарттарымызға көптеген жылы сөздер айтылды. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты тұрақты болғандықтан, біздің елімізде қарттарға барлық жағдай жасалған. Президенттің саясаты да ата дәстүрімізді баянды жалғастыру.

Бас қосуда кенші еңбегінің ардагері Н.Дудкин, көпбалалы ана Ұ.Мейрамбаева, Қарабас кентінің тұрғыны Ф.Атбекова, ұзақ жылдар боййы тігін фабрикасында қызмет жасаған ВАльмуханова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Қойлыбаева, қоғамдық кеңестің төрағасы Р.Қойлыбаева замандастарын қарттар күнімен құттықтап, осындай қайырымдылық шарасын өткізуге бастама көтерген аудан әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Жергілікті билікке ауданымыздың өркендеу жолында жасап жатқан игі істеріне алғыстарын білдірді. Күнен – күнге дамып, өзгеріп келе жатқан ауданымызбен мақтанатындықтарын жеткізді. Оған қоса, кейбір шешімін таппай жатқан мәселелер де жоқ емес, бұған тұщымды жауаптарын алды. Бұл мәселердің барлығын алдағы уақытта шешімін табатындығына аудан басшысы уәде етті.

Қарттар күніне орай өткізілген шарада гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар таратылды. Өздеріне көрсетілген ықылас пен қошаметке риза болған қарттар мен ақ жаулықты аналар алғыстарын білдірді.

Қоғамымыздағы бейбітшілік, тұрақтылық пен тыныштық біздің балаларымыз бен немерелерімізге ертеңгі күнге деген сенімді кепіл, әрі аға ұрпақтың тамаша дәстүрлерін келешекте жалғастырып, байыта түсулеріне мүмкіндік беретініне шүбәміз жоқ.

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *