Жол жөндеу жұмыстары жалғасуда

 

Бүгінгі таңда күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі – жол жөндеу жұмыстары. Жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінетін бұл салаға биыл да қомақты қаражат жұмсалынуда. Облыстық қазына мен жергілікті бюджеттен бөлінген ақшаға биыл қандай жөндеу жұмыстары жүргізілді және жүргізілуде.

Ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 14,3 шақырымды құрайтын автокөлік жолдарына биыл қазына қоржынынан 172,5 миллион теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға жалпы ұзындығы 10,7 шақырымды құрайтын көлік жолдары жөнделмек. Атап айтсақ, Путь Илича ауылындағы  2 шақырымды құрайтын  кіреберістегі автокөлік жолдарына 18 миллион теңгеге ағымдық жөндеу жүргізілмек. Бүгінде жұмыстар басталып та кеткен. Қазір жөндеу  учаскелерде материалдарды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталмыш қызметті  «Жол Қызмет» МҚК атқаруда. Дәл осындай жұмыстар Көксу ауылында да жүзеге асырылуда. Ұзындығы 1 шақырымды құрайтын ауылдың кіреберістегі көлік жолының ағымдық жөндеу жұмысына да 8,2 миллион теңге бөлінген. Жоспар бойынша маусым айынан басталған жөндеу жұмыстары тамыз айында аяқталады.

Сондай-ақ, биылғы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Самарка ауылының кіреберіс жолы мен Центральная көшесі орташа  жөндеуден өтпек.

Ал, аудан орталығындағы жалпы ауданы 3000 м2 спорт аллеясы мен 2-ші ықшам ауданынан басталып, МАИ ғимаратына дейінгі автокөлік жолы мен   аталмыш ғимараттың алаңқайының жөндеу жұмыстары да қазына қаржысының есебінен жүргізілуде.

Сонымен қатар, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын автокөлік жолдарын жөндеу жоспарланған. Атап айтсақ, Сәрепті ауылындағы Дзержинская көшесіне, Южный кентіндегі Комсомольская көшесіне, Құлаайғыр ауылындағы Мира көшесіне орташа  жөндеу жұмыстары жүргізілсе, қаламыздағы Гагарин көшесінің жолына да жиектастар орнатумен қатар, орташа жөндеу жүргізілуде. Ал Топар кентіндегі Ленин, Сарыарқа, Молодежная көшелеріне, Қарабас елдімекеніндегі Мира көшесіне, Дубовка елдімекеніндегі Косманавт, Сабурхан және Геофизикалық көшелеріне, Ақбастау ауылындағы екі көшеге ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, осы жөндеу жұмыстары үшін мамыр айында өткен аудандық мәслихаттың 30 сессиясында қосымша қаржы қарастырылғанын айта кеткен жөн.

Облыстық қазынадан бөлінген қаржы мұнымен аяқталмайды. Қазына қаражатының шапағаты қала ішілік автокөлік жолдарын да айналып өтпейді. Осыдан бірер ай бұрын қаладағы ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы көшесі мен Карл Маркс көшесінің жолдарына орташа жөндеу жұмыстары мен көшенің жарықтандыруын қалпына келтіру бойынша конкурс жарияланды. Ал конкурс қорытындысы келер айдың басында белгілі болады.

Биылғы жылы аулаларды абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Школьная көшесінің бойындағы № 21б, 23а, 23б үйлердің есік алды жолдары жөнделіп, алдағы уақытта балалар алаңқайы орнатылады деп жоспарлануда. Үнемделген бюджет қаржысына Энгельс көшесінің бойындағы №33 үй мен Абай көшесіндегі №33 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Әрі, Курчатов көшесі мен Железнодорожная көшесі аралығындағы Энегльс көшесіне, Школьная көшесі мен Железнодорожная көшесі аралығындағы ҚР Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесіне, аталмыщ көшеден бастап Гете көшесіне дейінгі аралықтағы Школьная көшесіне, сондай-ақ, Школьная көшесінің участігінен бастап, Гете көшесіндегі №36 үйге дейін автокөлік жолдарына қиыршық тас төселінді. Калинин көшесінің бойындағы 6 үйдің кіреберіс жолына қиыршық тас себу жұмыстары жүргізілді.  Ал квартал аралық қиылыстағы көлік жолдарына да қиыршық тас төсеу әзірге тек жоспарда тұр.

Айта кету керек, қаламыздағы көлік жолдарының ағымдық (шұңқыр) жөндеу жұмыстарына биыл 23629,6 мың теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 29а орамындағы жиектассыз автокөлік жолдарын орташа жөндеу жұмыстары бүгінде аяқталды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығын «Жол Қызмет» МҚК мен басқа да бірнеше жекеменшік серіктестіктер атқаруда. Оларға қойылған талап пен жауапкершілік те жоғары.

Жол қозғалысының қауіпсіздігі мен көше-жол желілерінің жақсаруын қамтамасыз ету шеңберінде 100 жол белгісі қойылды. Оның 60 бірілігі Абай қаласында орнатылса, 17 белгі Топар кентінде, 23 белгі аудандық маңызы бар жолдардың бойына орнатылған. Калинин мен Курчатов көшелерінің қиылысына бір бағдаршам орнату жоспарлануда.

Әзірге атқарылып жатқан жұмыстар осылайща ауыз толтырарлық. Дегенмен нәтижесін уақыт көрсетеді.

 

Меруерт Сәлімқызы

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *