ТАБЫНАМЫЗ АНА ДЕГЕН ТӘЅІРГЕ!…

Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен нәзік жандылардың мерекесі де келіп жетті.  Қазақта «Ананың сүйген жері — отқа күймейді, оқ та тимейді» деген тәмсіл бар. Өйткені әйел — аналар барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Ана — өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, мейірім мен ізгіліктің жаршысы. Әйел табиғаты тұтас құдіретке толы тылсым дүние. Отбасының оты да, Отанның бүтіндігі де ең алдымен ананың ақ пейілінен бастау алады. Жыл сайын көктеммен бірге келіп жететін аналар мейрамы биыл да ерекше тойланды. Ауданымызда биылғы жылы жаңадан ашылған «BANKET HOLL» мейрамханасында халықаралық аналар мейрамына арналған мерекелік салтанатты шара өтті. Ауданымыздың нәзік жандыларын аудан әкімі Бауыржан Асанов арнайы құттықтады.

— Сіздерді ару көктемнің арайлы мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қашанда елге тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел затынсыз жарық дүниені, төрткүл әлемді елестету мүмкін емес. Шуақты көктемнің алғашқы күндері осындай салтанатпен басталуының өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, табиғат тіршілігінің бастауын көктемнен алса, адамзат өз өмірінің бастауын анадан алады.

Әйел қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Сондықтан ерді үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Олай болса, осынау өмірді өмірге жалғар мейірім мен пәктіктің, әсемдік пен әдеміліктің мерекесі жүректеріңізді жырға, көңілдеріңізді нұрға толтырсын! – деп жылы лебізін білдірді.

Сол сияқты ауданның сұлулық иелерін аудандық мәслихаттың хатшысы Борис Цай жүрек жарды құттықтауын жеткізді.

Кездесуге құрметті қонақ ретінде өз отбасы ғана емес, ауданымыздың барша халқы құрмет тұтатын көп балалы ардақты аналар, ауданымыздың,  жалпы қоғамдық өмірінің дамуына үлес қосушы азаматшалар, өз еңбегімен бағаланып, есімдері құрметке ие болып жүрген әйел азаматшылар шақырылды.

Кеш кезінде «Вдохновение», «Дидар» үлгілі хореграфиялық топтары өз өнерлерін ортаға салса, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Идрисов, Амантай Ибраев және Елена Филинкова және «Мәдениет қайраткері» белгісінің иесі Дауренбек Аркенов, халықаралық байқаулардың лауреаты Гүлмира Жукупбаева әсем әнмен кеш қонақтарының құлағының құрышын қандырды. Зор дауыс иелері өз шығармаларының үздік әндерін тебіренте айтты. Сахна төрінде шырқалған әрбір әннің өзіндік бояуы болды.

Ол жер бетіндегі ең қадірлі жан – анаға арналған. Залда қазақ және орыс поэзиясынан орындалған туындылар да кешті ерекшелеп тұрды.   Халықаралық әйелдер күні мейрамында далаға көктемгі жайма-шуақ келмесе де, айнала нәзіктік пен жылылыққа толып, жақсы көңіл күйге бөленіп тұрды. Бұл күні барша қыз-келіншектер мен аналар атына көптеген жылы лебіздер мен жанға жылулық сыйлайтын жақсы сөздер айтылды. Мерекелік кешті ұйымдастырушылар да жүргізушілер де жылы лебіздерімен көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлай білді.

 

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *