ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІНЕ ОРАЙ

Мамыр айы көктемнің нағыз өз көрінісін тауып, барша халықтың көңіліне мамыражай көңіл күй орнайтын шақ. Осы айда біздің елімізде Кеңестік кезеңнен бері атап өтілетін, бүгінде дәстүрге айналған атаулы мереке өте көп. Және бұлардың ішінде еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ғана өз бастауын алған «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» мерекесі де бар.

1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер  өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болып болғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды.

Осы мерекені жыл сайын атап өту бүгінгі таңда дәстүрге айналып, Республикамыздың барлық өңірінде аталып өтіледі. Абай ауданы да осы дәстүрді қалт жібермей, 7-мамыр қарсаңында ауданымыздың барлық әскери қызметкерлерін, болашақта қолына қару алып, әскер қатарына қосылатын жас ұландарды ескерусіз қалдырмай Абай қаласының Мәдениет үйінің алдындағы алаңда осыған орай мерекелік концерт ұйымдастырған болатын. Шараға әскери саланың бірнеше қызметкерлері мен ардагерлері, әскер қатарына шақырылып отырған болашақ сарбаздар және мектеп оқушылары арнайы шақырылды. Мерекелік концерттің алғашқы құттықтау сөзі Абай қаласының әкімі Ахметов Медеу Арынұлына беріліп, қала әкімі өз сөзінде жиылған жұртшылықты осы айтулы мейраммен құттықтады. Шараның қонағы болып отырған ардагерлерге ерекше алғыс білдіріп, жас сарбаздарға әскери жолда сәт-сапар тіледі. Келесі кезекте Аудандық әскерге шақыру бөлімінің басшысы Түсіпбеков Ә.Г. сөз алып, өзінің жылы лебізін білдірді. Және осы сәтке мерекелік шараның арнайы дайындалған бөлімі тұспа-тұс келіп, әскерге шақыру бөлімінің командирының бұйрығымен осы көктемде әскерге аттанғалы отырған бірнеше сарбаз саптық жүріспен алаң ортасына шығып, бірнеше саптық жаттығуларды орындады. Әскерге шақыру бөлімінің басшысының «Еркін тұр!» бұйрығынан кейін осы болашақ сарбаздар алаңның көрермендер тұрған бөлігінің ортасына келіп жайғасқанымен, саптық ретті бұзбай бар назарларын алаң ортасындағы концерттік бағдарламаға аударды. Осыдан әрі ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері шараның концерттік бөлігін қыздыра түсіп, патриоттық мағынадағы бірнеше ән шырқап, би биледі. Бұл мерекелік қойылым жиылған жұртшылықтың барлығына бірдей арналғанымен, ерекше назар көремендердің ортасында тұрған әскер қатарына кетіп бара жатқан болашақ сарбаздарға арнайы қойылып жатқандай әсер қалдырды. Шара соңында осы сарбаздарға арнайы сыйлықтар табыс етіліп, ардагерлер батасын беріп, ақ жол деп оларды жауапты сапарға барлық жұртшылық шығарып салды. Сәт-сапар сарбаздар! Әскери міндеттеріңді абыройлы орындауларыңа тілектеспіз! Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

А.Каринов

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *