НАЗАРДА ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ

Осы аптада аудан әкімі Абай қаласындағы Қарағанды бағытындағы кіреберіс көше болып табылатын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 10 жылдығы көшесінің жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі Б.Асанов, аудан әкімінің бірінші орынбасары М.Мағзин, ауданның ТҮКШ-ның басшысы, аудандағы құрылыс саласына жауапты бірнеше тұлғалар және мердігерлер болып, жолдың салыну барысымен танысып шықты. Әуелгі тексеру жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы көшесінің Абай көшесімен қиылысындағы бағдаршам төңірегінен басталды. Аудан әкімі жолдың тозығы жеткен қабатын алып тастау ретіне мән беріп, жолжиектердің орналасу тәртібі жайлы бірнеше сұрақтар сұрады. Соның ішінде негізгі сұрақ қалада алғаш рет кеспелер арқылы кеңейтілген жолжиектер орналастырылу реті жайлы болды. Келесі кезекте назарға алынған мәселе жолдың тұрғылықты аулаларға бұрылатын тұстары жайында болды. Мердігерлер негізгі жолдан аулалар тарабына бірнеше метрлік асфальтталған жабынды төселетіндігін түсіндірді. Тексеріс барысында көше бойында орналасқан жеке кәсіпкерлердің жұмыстары жүріп жатқан «Лада-Самара» автобөлшектер дүкені, «Дольче вита» кафесі, «Куин» сұлулық салоны және т.б. бірнеше бизнес иелерімен де аудан әкімі сөйлесіп, егер шаруашылығы жүріп жатқан құрылыс нысанының алдына жол жиегіндегі автотұрақ керек болса, жер көлемін заңдастырып, автотұрақ алаңын әр шаруашылық иесі өз қаражатынан мердігерлермен келісе отырып төлеу керек екендігін түсіндірді. Ал егер бұл талаптар орындалмаса, жолжиек автотұрақсыз көше бойынан тікелей тартылатындығы, ал бұл бизнес иелеріне кері әсер тигізуі мүмкін екендігі де ескертілді. Сондай-ақ аудан әкімі көше бойындағы жаяу жүргінші өтетін орындар, жол астында қалатын су, кәріз құбырларының келісті орналасуы, «Ромашка» аялдамасының дұрыс орналасуы секілді бірнеше мәселелер жайында сұрақтар қойып, жауапты тұлғаларға барлық жұмысты халық игілігі үшін жоғары деңгейде әрі уақытылы орындап шығуды тапсырды.

А.Қанатұлы

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *