ДЕРТІҢЕ ШИПА СЫЙЛАҒАН ЖАНДАР

Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі медицина саласының қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіледі. Бұл күні осы саланың барша қызметкерлері өзінің ауыр да жауапты жұмысының нәтижелерін, жетістіктерін ойға алып, айналасындағы әріптестерінен, туған-туыстарынан, дос-жарандарынан құттықтау сөздерін естиді. Шынымен де медицина саласында қызмет ету үнемі бар күш-жігерін аямай, «өлім мен өмір» арасындағы мәңгі өшпейтін күрестің басы-қасында болуды талап ететін жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Осы мереке қарсаңында Абай қаласының орталық ауруханасының бас дәрігері М.Д.Жұмақаевпен сұқбаттасқан болатынбыз. Осы сұқбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Біздің қалалық ауруханада қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Енді біздің ең негізгі міндетіміз халыққа, жергілікті тұрғындарға қолымыздан келгенше сапалы, жоғары деңгейде көмектесу, қызмет көрсету болып табылады. Және бұл жұмысты күнделікті атқару біздің басты міндетіміз. Енді бүгінгі жоғары қарқында дамып жатқан заманның талабына сай біз де өзгеруіміз керек. Жаңа технологиялар мен медицинаға қажетті құрал-жабдықтарды үнемі алып, оны халық игілігі үшін қолданып жатырмыз. Мәселен, өткен жолы бізге денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов жұмыс сапарымен келіп кеткен болатын. Біздің поликлиниканың жұмысымен танысып, бәрі керемет деңгейде деп айтпаса да, жалпы аурухананың жұмысы көңілінен шығатындығын айтып өтті. Осы жерде сол кісінің келуіне орай халықпен кездесу өткіздік. Жергілікті халық өз көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толғандырып жүрген мәселелерімен бөлісті. Негізінен жалпы алғанда ауруханамыздың жұмысы жаман емес деуге болады. Халықпен жұмыс жасау әрине оңай емес. Десе де, қолдан келгенше барымызды салып жатырмыз. Біздегі ең бір қиын мәселелердің бірі, ол біздің қаламызда қарт адамдардың саны көбірек. Әрине, қарт адамдар медициналық көмекке көбірек мұқтаждық танытады.

Жыл сайын біз скринингтер өткізіп тұрамыз. Осы тұрғыда біз ай сайын мониторинг жасап, бағдарлап отырамыз. Түрлі-түрлі жағдаймен, өкінішке орай кейбір адамдар біз шақырған скринингке келмейді. Абай халқының көп бөлігі сыртта жұмыс істейтіндігі белгілі. Бұл да ол кісілердің скринингке келуін бөгейді. Тіпті кейбіреулер алыс қалаларда (Астана, Атырау, Шұбаркөл т.б.) жұмыс істегендіктен бұндай кісілерді тексеруді айтпағанда, скринингке шақырудың өзі оңай емес. Бірақ енді осы жерге тағайындалғаннан кейін, дәрігерлік мамандықты қалап таңдағаннан кейін осы жұмысты қиын болса да орындауға тырысып жатырмыз. Ал енді жалпы жұмысымызға келетін болсақ, облыс көлемінде енді ең алдыңғы қатарда болмасақ та, ортадан сәл жоғарымыз деуге болады.

Тағы бір жұмыстарға келетін болсақ, біздегі «электронды кезек» қызметі іске қосылды. Егер бұрын тұрғындардың қоңырауларын қабылдайтын бір оператор ғана жұмыс істесе, қазір үш бірдей оператор жұмыс істеп, бір оператор бір уақытта үш бірдей қоңырауды қабылдай алатын мүмкіндік туды. Және қазір бізде «науқасты қолдау қызметі» жұмыс істейді. Бұл қызмет осында келген адамдардың мәселелерін табан астында шешуге көмектеседі. Және де бұл қызмет дәрігерлердің жұмыс сапасын жақсартуға да көмектеседі. Одан қалды биыл бізде «навигация» деген қызмет қосылды. Бізге келушілер бұның көмегімен аурахананың ішінде іздеген жерлерін оңай тауып алуға мүмкіндіктер алды.

Бізде тәулік бойы кезекшілікте хирург, окушкер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог жұмыс істеп, жедел, шұғыл көмек көрсете аламыз. Аураханадағы ең бір қиын мәселе жаңбыр жауғанда төбеден су ағатын жерлер бар болатын. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімдігі тарапынанан, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан шатырымызды жөндеуге қаражат бөлінді. Енді осы айдың аяғында шатырымыз күрделі жөндеуден өтпек.

Биылғы жыл жастар жылы деп бекітілгені белгілі. Сіздің ауруханадағы жастардың үлесі қанша? Жас мамандарға қандай жеңілдіктер бар?

Қазіргі таңда ең шешімін таппай отырған күрделі мәселе – кадрлар мәселесі болып табылады. Өткен жолы ұйымдастырылған «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» бағдарламасы аясында Қарағанды Медицина Университетіне, Шымкент Медицина Университетіне барып, бітіруші түлектерді, жас мамандарды шақырған едік. Бұл мәселенің, әрине, жергілікті биліктің көмегінсіз шешіле қоюы оңай емес. Өкінішке орай, біздегі ең бір қиын жағдай Абай қаласы ауылдық елдімекен болып табылмағаннан кейін бұл жерде «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламалар жүрмейді. Сол себепті, егер аудан әкімшілігі көмектеспесе бұл мәселелерді жеке өзіміз шеше алмаймыз. Негізінен медицина саласындағы жаңадан жұмысқа тұрған мамандардың айлық табысы бүкіл аймақтарда бірдей. Іргемізе облыс орталығы, небары екі жүз шақырымдық жерде Елордамыз тұрғаннан кейін жаңа университетті аяқтаған мамандар осы үлкен қалаларда тұруды жөн көреді. Сондықтан, ауылдық жерлерге, біз секілді шағын қалаларға жас мамандарды шақыру қиындау. Бірақ аудандық әкімдіктің көмегімен біз Абай қаласында он үш пәтерді күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Енді алдағы бір жарым айдың ішінде жөндеу жұмысы аяқталуы тиіс. Бұл пәтерлерді біз жаңадан келген жас мамандарға беруді ойлап отырмыз. Оның ішінде 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер бар. Бұл пәтерлерді жабдықтауды біз өз мойынымызға алып отырмыз. Мәселен, үйдің ішкі жиһазы, тоңазытқышы, теледидары секілді заттар. Енді жас мамандарға алғашқы үйдің қамын ойлап, ауыртпалыққа түсіруден аулақ болып, бар күшін жұмысқа салуға жол ашады деген ойдамыз. Енді осы арқылы біз бірнеше жас маманды тартуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда біздің қызметкерлердің 14 пайызын жастар құрап отыр. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы жоғарыламақ. Мысалы бізде қазіргі кезде офтальмолог дәрігер жоқ. Кезінде бір дәрігерді өз тарапымыздан оқытып едік, бірақ ол кісі отбасы жағдайына байланысты Қарағандыға ауысып кетті. Осындай мамандық алуға ниетті адам табылса, біз тіпті өз тарапымыздан оқытуға да дайынбыз. Немесе университетке өтініш жасау арқылы жеңілдік алуға болады. Содан соң жас мамандар отбасын құрып, тез арада балалы болады да, баладан шыға алмай көп уақыт үйде отырып қалады. Балабақшаға балалары кезекте ұзақ уақыт тұрып қалады. Әскери қызметкерлердің балаларын балабақшаға кезекке тұрғызуда жеңілдіктер бар ғой. Осы мәселеге байланысты біз аудан әкіміне бір-екі дәрігердің есімдерін көрсетіп, хат жазған едік. Енді мәселе шешімін тапса жақсы болар еді.

Жалпы алғанда біздің ауруханада тұрғыдраға сапалы деңгейде көмек көрсетіледі. Халықпен тығыз жұмыс істегендіктен бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Осы орайда, барша медицина саласының осы бір төл меркелерімен құттықтауды рұқсат етіңіз. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

А.Қанатұлы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *