ТҮЛЕКТЕР ТҮЛЕП ҰШТЫ…

Мектеп. Не деген алаңсыз, уайымсыз, қайғысыз, бақытты шақтар. Және он бір жылға созылған ұзақ бақытты шақ қой. Адам баласы ұмытшақ келеді ғой. Осынау он бір жылдық бақытты кезең мектеп бітірісімен-ақ көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен бір мезеттік оқиға секілді болып қалатыны тағы бар. Бірақ, осы мектептен өткен қай адамнан сұрасақ та, ол шақты бір таза, пәк сезіммен еске алып, езуі жиырылып есіне түсіретіні белгілі. Көбіміз «адам бол» немесе «адам болмайсың» деген мұғалімдерді есімізге алып жатамыз. Кейбіреулер жүректі тербейтін алғашқы махаббат деп те жатады.  Енді, жалпы мектеп кезеңінен әркімнің есіне алатын оқиғасы көп қой. Біз осы аптада ғана ауданымызда орын алған түлектерді шығарып салу мерекесі жайында сөз қозғап өтейік.

Маусым айының он екінші жұлдызында аудандық мәдениет үйінде 296 түлекке мектеп бітіруі аттестаттары табысталып, олардың мектептегі өмірлерінің соңғы нүктесі қойылды. Түлектерді құттықтауға аудан әкімі Б.Асанов келіп, өзінің ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдіріп, алдағы үлкен өмір айдынында сәттілік жолдас болсын деп тіледі. Осы үш жүзге жуық түлектің ішінде 13-і «Алтын белгі», 5-еуі үздік аттестат иегері атанды. Бұл ерекше аттестаттарды да аудан әкімі өзі табыстап, оқ бойы озып шыққан түлектердің кеуделеріне «Алтын белгілерін» тақты. Келесі кезекте осы мектепті үздік бітіруші түлектердің ата-аналары да аудан әкімінің марапатын алуға мәдениет үйінің сахнасына шықты. Осы ата-аналардың кейбіреуі сөз кезегін алып, алғыстарын білдіріп жатты.

Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектерді құттықтауға бұрынғы түлектер, яғни осыдан бірнеше жыл бұрын осы Абай ауданынан түлеп ұшқан, бүгінде осы білім саласында қызмет етіп жүрген түлектер келді. Олар өздерінің осы мектеп бітірген кезеңіндегі ерекше сәттерін, тестілеуді тапсырып, қолдарына мектеп бітірушінің аттестатын алған керемет шақтарын еске алып, сөз сөйледі. Атап айтсақ, С.Балмакаев пен В.Грейчут сахна төріне шығып, кезінде осы мектепті бітірген жарқын сәттерін естеріне алып, бүгінгі түлектерге сәт-сапар тілеп, жоғары оқу орындарына түсіп, елге қызмет ететін мамандық иегері атануды тіледі.

Келесі кезекте мектеп бітіруші түлектерге арналып ән шырқалып, жылы тілектер білдірілді. Бұл оқушылардың мектеп қабырғасында жүріп көрген, балалық шақта деуге де болатын шығар, соңғы мерекелік концерттері болды. Артта халқымыз инемен құдық қазуға теңейтін білім жолындағы ерен еңбек жұмсалған онжылдық кезең қалды. Осы он бір жыл бойы алынған тәрбие мен білім жолдас болып, үлкен өмір сапарына аттанбақ. Түлектердің көп бөлігі бүгінгі күнде жоғарғы оқу орнына түсуге шешім қабылдап, болашақта белгілі бір мамандық иесі аттануға ниет білдіріп отыр. Жыл сайын біздің мемлекетімізде жоғарғы оқу орындарындағы түрлі мамандықтарға мемлекеттік гранттар бөлінеді. Бұл гранттарға оқушылардың тестілеуде таңдаған пәндеріне байланысты жинақтаған балдарына сүйеніп,  өз бақтарын сынап қөреді. Грантқа ие болғандары жоғарғы оқу орнында тегін оқуға және ай сайын мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде стипендия алып отыруға мүмкіндік алады. Жалпы бүгінгі таңда мүмкіндік көп қой. Түлектерге тіпті түкпір шет елдерде білім алуға да мүмкіндік бар ғой. Енді, осы түлеп ұшқан түлектерге алдағы үлкен сапарларына сәттілік тілейміз. Белгілі бір мамандық иесі болып, елге қызмет ететін ұл-қыздар қатарына қосылыңыздар!

 

А.Қанатұлы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *