ЖАңАЛЫқ ЖАРШЫСЫ «АБАЙ – АЌИЌАТ» ГАЗЕТІ

Уақыт деген жүйрік қой. Бәрі де күні кешегідей еді. Мен алғаш аудандық «Абай – Ақиқат» газетіне келгенде газеттің 40 жылдығын тойлаған едік. Содан бері 5 жылдан астам уақыт өтіпті. Аудан айнасында қызмет жасаған уақытта шыңдала білдік. Әрбір жазатын туындымыздың қыр – сырын жетік меңгере отырып, мол тәжірибе жинақтадық.   Қолымызға қалам алып, алғашқы мақаламызды  жазып, әр түрлі сала мамандарымен сұхбат жүргізгенде, бала күнгі арманның орындалғанын сезіп, төбеміз көкке жетіп, кәдімгідей қуанғанбыз. Аудандық газетте жұмыс жасаған кезеңнің бәрінде қай газетке кім қандай тақырыпта қалам тербеді, қайсысы саптан шықты, кімдер қосылды? Бәрі де көз алдымызда, бақылаймыз, барлаймыз. Соған сай өзіміздің кәсіби бағамызды береміз, қадір тұтамыз. Өйткені журналист атаулының өзі түрлі-ақ. Біреулері барлық жанрда бұрқыратып бастайды, кейін басқа кәсіпке ауысады. Есесіне біреулер бар өмір бойы газеттің ақпараттық есебінен әрі аса алмаса да өз мамандығына адал, ақыры мойтап болған қаламымен қартаяды, зейнетке шығады.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», деген орамды ойы өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде ақпарат кеңестігіне теледидар мен интернет ресурстары қосылғанымен дәстүрлі басылымға деген сұраныс кеміген жоқ. Қайта газеттер оқырмандарды құнды ақпараттармен қанықтырып, оқиғаның ақиқатын жазып, бәсекеге қабілеттілігін танытып келеді.

Жаңалықтың жаршысы ретінде жұмысын жүйелеген «Абай – Ақиқат» газеті қалыптасу, даму кезеңдерін абыроймен өткерді. Міне, биыл ақпарат майданындағы 45 жылдығын атап өтуде. Сонау 1974  жылдың 2 ақпанында «За коммунистический труд» деген атпен алғашқы саны жарық көрген басылымның дүниеге келуі өңірдің көз қуанышына айналды.

«Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың күндік» деген мәтел бар. Біз газет және оның тарихы туралы сөз қозғағанда сол бір күндік газеттің өзін де, мың күндік сөзін де жасайтын журналистер мен қызметкерлер туралы айтпай кете алмаймыз. Ауданның үнжариясы алғашында 200 данамен ғана тарады.

Жалпы, аудандық басылым сан алуан соқпақты жолдардан өтті. Шыңдалды, небір алынбас асуларды бағындырды. Сыналды, сынады, құлдырап құлауға айналса да тізесін қайта тіктеді, жаңарды, жаңғыра түсті. Замануи талаптарға бейімделіп, нарықтық қатынастарды еңсерді. Газет атауы да бірнеше рет өзгерді.

45 жылдық тарихы бар аудандық газетімізде аудан және облысқа танымал небір талай редакторлар мен қаламы қарымды журналистердің, газет тіршілігінің тайқазаны саналатын мамандардың, ойы жүйрік, санасы сергек, көзі қырағы талай аға-әпкелеріміздің қолының табы, маңдайының тері бар.

Талапқа сай дәстүр сабақтастығы, жаңашылдық өз жалғасын табуда. Бүгінгі күні редакция ұжымы жаңа толқын жас мамандармен толықты. Аудандық басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан газетіміздің ардагері, бірнеше редакторлармен жұмыс жасаған білікті маман, жауапты хатшысы, Бақыт Қиғамбекова, сол сияқты көп жылдан бері қызмет жасап, редакциядағы  қаржы-шаруашылық әрекетін жүргізіп, қолданылған материалдардың үнемдлігіне, еңбек және қаржы қорына, газеттің меншіктік мүлкіне бақылау жасайтын, ақылшы жанның бірі бас есепші Венера Ариткулова, ауданның барлық салаларында қалам тербеткен білікті де шебер тілші, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері Қайрат Блялов, жұмысқа жаңадан келген жас журналистер үшін ақылшы ұстаз, редакцияға келіп түскен мақала сөйлемдерінің қисынын, ретін келтіріп, сөйлем байланыстарын жөндеп отыратын, әріптестеріне сыйлас бола білген газет корректоры Зылиха Сапиянқызы Надирова,  редакцияға алғашқы күннен келе сала ұжымға сіңіп, тұщымды мақалалар жазған Меруерт Балкеева,  жас маман, өзіне берген әрбір тапсырманы тиянақты және уақытылы орындап, мақалардың сапалы шығуына үлес қосып жүрген, Қарағанды облысы әкімінің  «Тіл жанашыры» сыйлығының лауреаты тілші Абылай Каринов, жас кадр жөніндегі маман Ақерке Нұртөлеуова атсалысып келеді.

Қазіргі таңда кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда аудандық басылымның шығармашылық ұжымы ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, заман талабына сай қызмет етіп келеді. Ауданда шығатын әлеуметтік желідегі әрбір жаңалықпен халықты ақпараттандырып, аудандағы сапалы суреттердің мұрағатында біздің газет тілшілерінің қолтаңбасы бар.

 

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *