САБАНТОЙ МЕЙРАМЫ

Өткен аптаның жексенбісінде «Ләйсан» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі мүшелерінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде ежелден келе жатқан халықтық мереке – сабантой атап өтілді. Ерте кезден бұл мейрам көктемгі егіс науқаны аяқталып, диқандардың иығындағы ауыр жүк түскен шақта тойланып келген. Бұл үрдіс биылғы жылы да тоқтап қалмай, өз жалғасын тапты. Шараға осы күнде де егістікте егін егумен айналысып жүрген бірнеше шаруалар да, ауданымыздың түкпір-түкпірінен келіп қатысты.

Сабантой – түбі бір түркі тектес халықтардың, соның ішінде татар, башқұрт халықтарының бұрынғы уақыттан бері келе жатқан ұлттық мерекесі. Бұл бірінші жағынан жоғарыда атап өткендей, шаруаның арқасын кеңге салуының белгісі болса, екінші тұстан жер қойнауына берілген егін жақсы шықсын, күзгі егіс науқаны екінші рет қуантсын деген тілектен туындаған. Осы мерекені тойлап, жаратушыға жалбарынып сұраса егін бітік шығады деген наным да бар. Осы мақсатта ұйымдастырылған шарада татар-башқұрт халықтарының түрлі ұлттық тағамдары келген жұртшылыққа ұсынылып, біршама салт-дәстүрлер көрсетілді, ұлттық спорттық ойындар ойнатылды. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл мерекеге татар-башқұрт ұлт өкілдерінен басқа да түрлі ұлттардан арнайы қонақтар шақырылды. Шара барысында биленген ұлттық билер, ойнатылған ойындар мен шырқалған әндердің барлығы дерлік келушілерге татар-башқұрт ұлттарының жоғары мәдени құндылықтары жайында мол ақпарат берді. Келушілердің осынау ғаламат шараға көңілдері толып, көздері тойып, көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, бір керемет әсерге енді. Бұл шара көпұлтты мемлекетіміздегі түрлі ұлт өкілдерін бір-біріне жақындатудың, сол арқылы егемен еліміздің қабырғасын мықтай түсуге арналған мерекелердің қатарына жататын секілді.

 

А.Қанатұлы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *