Ұстазы мықтының ұстамы мықты қашанда…

Ауданымызға белгілі ұлағатты ұстаз Бағдат Өсербайқызы Байқошқарова 1951 жылы Осакаров ауданының Николаев ауылында дүниеге келген. Әкесі Өсербай Бекенұлы деген кісі Нұра ауданының райком партиясының екінші хатшысы болып қызмет етсе, анасы Қалжанова Сәлиман бірер жыл шамасында мұғалім болып, кейіннен соттың хатшысы болып жұмыс істеген екен. Бағдат Өсербайқызы отбасындағы алты баланың ішіндегі тұла бойы тұңғышы. Он жылдық мектепті Нұра айданының орталығы болып табылатын Киевка кентінде аяқтап, ҚарМУ-ге орыс тілі пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Содан бірнеше жыл бойы бар ынтасын білімге салған студент университетті ойдағыдай бітіріп шығып, 1972 жылы Осакаров ауданының Маржанкөл ауылында бастауыш мектеп мұғалімі болып қызмет жолын бастаған болатын. Бір айта кетуге тұрарлық жайт, ол Бағдат Өсербайқызының осы өзі ұстаз болып қабылданған мектепте бұдан бірнеше жыл бұрын өзі оқығандығы. Яғни, бір кезде өзі оқушы болған мектепте араға біршама жыл салып мұғалім болып қайта оралған екен. Әрине, бұндай жағдайда өзіне кезінде тәлім-тәрбие берген кейбір ұстаздардың әріптеске айналуы заңды дүние. Біздің жағдайда да дәл солай болып, жас мұғалімге өзінің бұрынғы ұстаздары үлкен жанашырлықпен қарап, мұғалімдік дейтін күн астындағы ең қадірлі мамандықтың барлық қыр-сырын түсіндіріп, еңбекке баулыған екен. Былайша мысалдауға да болатын секілді: қанаты қатпаған балапан кезінде тәрбиеленген бала қыран бірер жылдан соң жас қаршыға болып оралса, бұл ұядағы ана қырандар жас қаршығаны одан әрі баптай түсіп, кейіннен бұл қаршыға да ана қыранға, дара қыранға айналған екен. Оның айқын дәлелі, Бағдат апайымыздың осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мұғалімдік жолына, өзінің 44 жыл ғұмырын арнағаны.

Мектепке арнап жұмсаған жылдың бастапқы кезі апамыздың туған өлкесіндегі мектептерде қызмет етумен өтсе, елеулі бөлігі біздің ауданымыздағы Топар кентіндегі мектептерде өтіпті. Жиырма жылдан астам уақын көлемінде бұрынғы №2 мектепте (қазіргі Корниенко атындағы мектеп) әуелде пән мұғалімі, кейіннен директордың орынбасары болып еңбек жасаған екен. Ал 1996 жылдан бастап Абай атындағы қазақ мектебіне директор болып тағайындалды. Осы директорлық қызметте бірер жыл жұмыс істегеннен соң Бағдат Өсербайқызының өз маңайында топтастырған білікті мамандардың төккен тері мен табанды еңбегінің арқасында бұл мектеп орта мектептен мектеп-гимназияға айналып, ауданымыздағы мектептер арасынан білім тұрғысынан алдыңғы қатарға шығып, 30-40 жылдық тарихы бар мектептерді қуып жетті, көбісін басып озды. Бұл әрине бірінші кезекте осындай ұжымды құра білген, ол ұжымды бір мақсатта жұмылдыра білген мектеп басшысының арқасында. Осы мектепті бітіріп шыққан түлектер бүгінде еліміздің, алыс-жақын шет елдердің жоғары оқу орындарында білім алып, бүгінде елге қызмет етіп жүрген жайы бар. Олардың көбі осы өздері білім алған қара шаңыраққа, оның ұстаздарына дән риза. Қайсысынан сұрасаң да Бағдат Өсербайқызын мақтап жатады, алғысын айтып жатады. Басшылық қызметте де жиырма жылға жуық қызмет жасаған апайымыз кез-келген көшбасшы бірінші кезекте қарапайым болу керек, адам жанын жақсы түсінетін психолог болу керек дейді. Және бұл жерде оқушылардың да, қарамағыңда жұмыс жасайтын мұғалімдердің де психологиясын дұрыс түсінген абзал деген тұжырым жасайды.

Бағдат апайымыз 2013 жылы зейнетке шығып, өзінің нәтижелі, жемісті, жетістікке толы ұстаздық жолын аяқтады. Қазірде өмірлік жары Балтабай Жарқынбаевпен бірге дүниеге әкеп тәрбиелеген бір ұл, бір қыздан туған немерелеріне көп қарайласады екен. Қазақша айтсақ, қартайғандағы ермегі осы немерелерінің қызығын қызықтау екен. Бірақ зейнет жасында болғанымен Топар кентіндегі қоғамдық жұмыстар мен іс-шаралардан қалмай, белсенділік танытып отырады екен. Бұл жерде кенттің әкімшілігінің ешқашан ескерусіз қалдырмай, түрлі мерекелік шараларға шақырып отыратындығына үлкен ризашылығының бар екендігін де айтып өтті. Сонымен қатар, апайымыз ешқашан білім алуды тоқтатпай, үздіксіз білім алуды құптайды. Осы күні де көптеген кітаптарды оқып, түрлі жаңа идеяларды айналасындағыларға сусындатуды жөн санайды.

ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Ата заңының 10 жылдығы медалі, Елбасының, облыстық, аудандық әкімшіліктердің құрмет грамоталарының иегері атанған апамыздан өмірдегі ең үлкен жетістігіңіз не деп сұрағанда, «жоғарыда аталып кеткендер ол екінші кезектегі дүниелер ғой, мен үшін ең бастысы, өзімнің тәрбиелеп шығарған шәкірттерім, жанымда бір адамдай жабылып жұмыс істеген өзімнің Абай атындағы мектептегі ұжымым, 43 жыл бойы отасқан жұбайым мен балаларым, және солардан тараған немерелер» — деп өз сөзін қорытындылады.

Абылай ҚАНАТҰЛЫ

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *