МҮМКІНДІКТЕРГЕ ШЕКТЕУ ЖОҚ

Мүгедектер күні – осы санаттағы азаматтар үшін жасалған жағдайлардың қорытындыларын шығару, қоғамдағы ерекше қажеттілікке мұқтаж адамдардың нақты жағдайын талдау және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту жөніндегі жоспарларды айқындау күні болса, адам өміріндегі ең игі істердің бірі – осындай мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. «Адам баласының жүректен аяулы жері бар ма?!» – деп, Абай атамыз толғанғаны секілді, барлық жақсылықтың, мейірімділіктің қайнар бастауы – жүрек. Осынау мерекелік шара физикалық тұрғыда денесінде кішігірім жетіспеушіліктері болғанымен, жүректері мейірімге толы жандарға арналған болатын. Сол себепті де сахна төріндегі ең алғаш қойылған номер «Вдохновение» вокалдық тобының орындауындағы «Золотое сердце» («Алтын жүрек») әні болды. Бұл алғашқы нөмір аяқталар тұста сахна төріне «Жұлдыз» хореографиялық ұжымының жас бишілері қолдарында жүрек үлгісінде жасалған шарларды ұстап шығып, көрермендер арасында отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға табыстады.

Алғашқы мерекелік құттықтау сөзі Абай ауданының әкімі Асанов Бауыржан Қоңырбайұлына беріліп, аудан басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарды құттықтап, ауданымызда өтетін түрлі іс-шараларға, спорттық жарыстарға қатысып, ауданымыздың қоғамдық өміріне белсене араласатын кейбір жандарды мақтау қағаздарымен марапаттады, гүл шоқтарын табыстады.

Негізінен біздің ауданымызда мүмкіндігі шектеулі жандарды еш назардан қалдырмайды. Барлық мерекелерде, түрлі қоғамдық жұмыстарда аудан әкімдігі, ауданымыздың мәдениет бөлімі бұл кісілерді шақырып отырады. Біздің ауданымызда осы бағытта, мүмкіндігі шектеулі 200-ден астам адамды біріктірген 5 қоғамдық ұйым өз жұмысын атқарып отыр екен. Осы мерекелік шара да осындай жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір көрінісі болды. Себебі, сахнада өнер көрсеткендердің басым көпшілігі осы мүгедек жандар болды. Олар нақышына келтіріп, түрлі тақырыптарда ән шырқап, көрермен қауымды өз өнерімен тағы бір таң қалдырып тастады.

Мерекелік шара аудандық мәдениет үйінің қызметкерлерінің орындауындағы «Өмір сүреміз» атты көңілге жұбаныш пен медет сыйлайтын әсем әнмен және «Жұлдыз» хореографиялық ұжымының қатысушылары қолдарына ұстап шыққан смайликтерді көрсетуімен аяқталып, өз мәресіне жетті.

А.Қанатұлы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *