АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ПЛЕНУМЫ

Осы аптада аудандық мәдениет үйінде «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 75-жыл толуына орай ұйымдастырылатын шараларға аудандық ардагерлер ұйымдарының дайындығына байланысты» аудандық ардагерлер кеңесінің №5-ші пленумы өтті. Аталмыш ұйымның төрайымы болып табылатын Р.З.Қойлыбаева осы шараның негізгі ұйымдастырушысы болып, шараға қатысушыларды, арнайы шақырылған азаматтарды қарсы алды. Аудандық есептік-сайлау конференциясында президиум және ардагерлер кеңесі мүшелерінен 24 адам сайланған болатын. Сайланушылар түгелге жуық осынау пленумға қатысты. Сонымен қатар, бастауыш ардагерлер ұйымдарының өкілідері, тұрақты комиссиялардың өкілдері және түрлі ұйымдардың, кәсіпорындардың, мектептрердің басшылары да қатысты. Пленумның жұмыс төралқасына үш азамат: Р.З.Қойлыбаева, К.Б.Қабдуалиева, Г.Д.Ивашева ұсынылып, бірауыздан қабылданды. Алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары К.Б.Қабдуалиеваға беріліп, ол кісі пленумға қатысушыларды құттықтап, ауданымыздағы ардагерлермен жүргізілетін жұмыстарға тоқталды. Келесі сөз тізгінін Р.З.Қойлыбаева алып, «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 75-жыл толуына орай ұйымдастырылатын шараларға аудандық ардагерлер ұйымдарының дайындығына байланысты» сөз сөйлеп, ауданымызда осы орайда жоспарланған бірнеше мерекелік, мәдени шараларға, кездесулерге тоқталып өтті. Кейіннен осы айтып өтілген іс-шараларға байланысты түрлі елдімекендердегі ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, ауданымыздағы зейнет жасындағы азаматтармен жұмыс жасайтын басқа да ұйымдардың жетекшілері сөз сөйледі. Бұның ішінде ең ерекшесі, аудандық жастар ресурстық орталығының қарт адамдар мен жастар арасындағы ұрпақтар сабақтастығын сақтау мақсатындағы жоспарлап отырған жұмыстары жөніндегі жасалған баяндаманы ерекше атап өтуге болады.

Сондай-ақ осы пленум барысында аудандық ардагерлер кеңесінің президиум құрамын өзгерту мәселесі де қарастырылып, бұрынғы президиум мүшелерінің кейбіреуі денсаулығына, кейбірі өмірден өтуіне байланысты мүшеліктен шығарылып тасталса, кейбір азаматтар жаңадан президиум құрамына қабылданды. Мәселен, Дубовка кентінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде К.С.Тоқтаров, Топар кентінің БАТ болып Б.У.Байқошқарова, ардагерлер кеңесінің мүшесі болып З.Кубаевна, Жаңа Қараған кентінің БАТ болып Л.А.Хлыстова бекітілді.

Пленум соңында ардагерлер кеңесінің жұмысна үнемі атсалысып, қолдау көрсетіп отыратын № 14 мектеп-лицейінің және №1 мектептің директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары тиісінше И.А.Морева және Л.С.Галимова ардагерлер кеңесінің атынан марапатталып, алғыс хаттарға ие болды. Және де ауданымыздың түрлі елдімекендеріндегі ардагерлер кеңесінің жұмысына атсалысып жүрген біршама зейнеткерлер де мақтау қағаздарына ие болды. Олардың ішінде, А.А.Туғанбек, Г.М.Маюрова, Л.Г.Батырева, Т.С.Подвиженко, Н.М.Тимохин секілді ардагерлерді атап өтуімізге болады.

Пленум аяқталған соң барлық қатысушылар арнайы дайындалған дастарханға шақырылып, оларға арнап ән шырқалып, құрмет көрсетілді. Бұл ардагерлердің көңілінен шығып, ауданымыздың түрлі өңірлерінде осы ардагерлермен жұмыс жасайтын азаматтар бір-бірін жақынырақ танып, пікір алмасып, өз жұмыстағы алған тәжірибелерімен бөлісуіне көп мүмкіндік ашты. Ардагерлер бір-бірімен телефон нөмірлерін де алмасып, алдағы жұмыстар барысында пікір алмасуға бел байлады.

Абылай ҚАНАТҰЛЫ

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *