КӘСІПТЕН НӘСІПКЕ

Шодырова Әсемгүл Ермекқызы негізінен Қарқаралы ауданында көп балалы отбасында дүниеге келген, ал 1995 жылы барлық отбасымен Абай қаласына көшіп келген болатын. Саудамен жас кезінен бастап айналысып, тіпті сонау 90-шы жылдардың өзінде нан пісіріп сатқан екен. Бизнестің қыр-сырын жас кезінен білген соң Әсемгүл ханым басқа салаға бара қоймай, осы сауда саласының жілігін шағып, майын ішеді. Азық-түлікпен бірқатарда киім-кешек сатумен айналысады бір кезде. Бірақ саудасы бірнеше рет үзіліп, бизнесін уақытша тоқтатып қоюға тура келген кездер де болған екен. Әрине, бұл ол кісінің жеке өміріндегі қуаныштарына, яғни, дүниеге балаларды әкелуіне байланысты болған үзілістер. Ол кісі бұл күнде үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының барлығы да мектепке барған, ал өмірлік серігі Абай қаласының наубайханасында жұмыс жасайды.

Жолдасы екеуі «Бизнес-бастау» атты бағдарлама бар екендігін, әрі бұнда көп балалы аналарға арналған жеңілдіктер қарастырылатынын естіп, қызығушылық танытады. Аудандық жұмыспен қамту бөліміне барып, қайтарымсыз берілетін 505 мың теңгелік несие жайында мол ақпарат жинақтапты. Содан тұрақты түрде осы мекемеге барып бизенстің қыр-сырын түсіндіретін бір айлық оқудан өтеді. Өзінің бизнес-жоспарын жасап шығады. Бағдарлама аясындағы барлық сынақ, тапсырмалардан сүрінбей өтеді. Мемлекеттік несиені алғаннан соң осы кәсіпті ашатын орын іздейді. Тіпті аудан әкімінің жеке қабылдауына да барып, осы ашайын деп отырған дүкеніне орын табуда көмек көрсетуін сұраған екен. Нәтижесінде, өзі тұратын үйдің төменгі қабатынан орын алып, жөндеу жұмысын аяқтаған соң, тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында, қазақы ырымға салып осы жерден «Азиза» деп аталатын азық-түлік дүкенін ашады. Әсемгүл ханымның көп балалы отбасына осыдан бірер жыл бұрын Абай қаласына Қарағанды бағытынан кіреберіс тұста жаңадан тұрғызылған жаңа үйлен пәтер бұйырған еді. Ал бұл жаңа үй аумағында ешбір азық-түлік дүкені болмағандықтан осы дүкеннің ашылуы барлық тұрғындарды да қуантқан жайы бар. Оған сұқбат барысында дүкенге кезек-кезек келіп жатқан үй тұрғындарының жайдары жүздері дәлел дей аламыз.

А.Қанатұлы

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *