ШЫРАЙЛЫ ШЫРША ТОЙЫ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында аудан әкімі Бауыржан Асанов аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған шырша тойына қатысып, балаларды құттықтап қайтты. Мерекелік шара Абай қаласындағы «БанкетХолл» мейрамханасында өткізіліп, арнайы кәсіби әртістердің орындауындағы концерттік бағдарламамен бірқатарда қатысушы балаларға арналған дастархан жайылып, бағалы сыйлықтар табысталды. Аудан басшысы балаларды бұл ғажайыпқа толы мерекемен құттықтады. Мектеп жасындағы оқушыларға осынау жыл бойы түрлі жарыстарға, байқауларға, олимпиадаларға қатысып, оқуда үздік нәтиже көрсеткені үшін алғыс білдіріп, келер жылда да балалардың осындай жоғары нәтижелерді көрсетуін күтетіндігін айтты. Жаңа жылда барша армандары мен алға қойғам мақсаттары орындалуына шын жүректен тілектестігін білдірді. Болашақта бұл балалардан туған еліміз бен жеріміздің игілігі үшін қызмет ететін азаматтар шығатынына сеніммен қарайтындығын айтып, өз сөзін қорытындылады.

Бұл күн – балалардың есінде қалатын ең елеулі күндердің бірі. Өздері ұнататын ертегі, мультфильм кейіпкерлерімен кездесіп, түрлі ойындар ойнады. Осы қаһармандармен естелікке суретке түсті. Қарағанды қаласының С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры әртістерінің орындауындағы театрландырылған тамаша қойылымды тамашалады. Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып, шыршаны айналып би биледі, өздері дайындап келген тақпақтарын оқып берді.

Биылғы келе жатқан жыл тышқан жылы болғандықтан балалар түрлі ертегілік тышқан кейіпкерлеріне арналған қойылымды ерекше қызығушылықпен тамашалады. Жүргізушілердің «қандай тышқан ертегі кейіпкерлерін білесіңдер? деген сұрақтарын ести сала «Джерри», «Микки Маус», «Рататуй», «Бэтмен» т.б. ертегі кейіпкерлерін кезекпе-кезек атап жатты. Келесі кезекте осы қаһармандардың образындағы кейіпкерлер ортаға шығып, меркелік шараның көркін аша түсті, қыздыра түсті. Бұл кейіпкерлермен де естелік туреттерге түсіп, қосыла ән шырқап, бірге би биледі. Соңғы сәтте балалар ортаға шығып, шыршаны айналып биледі, мерекелік концерт осы қызықты нотада өз мәресіне жетті. Жүздерінен қуаныш пен шаттықтың сәулесі күлімдеген балалар үйді-үйге жақсы көңіл-күймен тарасты.

А.Қанатұлы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *