Ұлт қайраткері – ұрпақ жадында

Қарағандыда аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, өз заманының құқық саласындағы жаңашыл, ізденімпаз реформаторы, саналы ғұмырын ел егемендігін жақындата түсуге арнаған дарынды публицист, қазақ өнері мен мәдениетінің қамқоршысы Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ 125 жылдық мерейтойына орай, өмірі мен қызметінің ғибратын насихаттау мақсатында онлайн режимінде өткен «Нығмет Нұрмақов – тарихи тұлға»  атты  аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция мазмұндық сапасымен ерекшеленді.

Конференция жұмысына «ZOOM» бағдарламасы арқылы облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын, облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, магистранттары мен студенттері, Қарағанды қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, облыстағы жекелеген мектеп-гимнаазиялар мен орта мектептердің директорлары, ұстаздары мен жоғарғы сынып оқушылары, сондай-ақ, басқа да салалық басқармалар мен мекемелердің басшылары қатысты.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсенбекова тізгіндеген жиында облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Қайраткер тұлғаның қарымды істері өскелең буын үшін қашанда өнеге мектебі болып қала беретініне назар аударды.

– Нығмет  Нұрмақов Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының заң  шығару ісінің негізін қалап, РСФСР Жоғарғы Соты қазақ бөлімінің төрағасы қызметін  абыроймен атқарды. Ол – еліміздің саяси-экономикалық тұрғыда дамуы мен құқық саласының нығаюына ғана емес, сонымен қатар, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосып, зор қамқорлық жасаған қайраткер. 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу – мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін баса айтты. Осы орайда, Нығмет Нұрмақовтың тұлғасын тану, тарихи ролін білу, оны зерттеу – өте маңызды қажеттілік. Нығмет Нұрмақов сынды тұлғалар – біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің үлкен бір тарауы, – деді Абзал Нүкенұлы.

Конференцияда жасалған баяндамалар Н.Нұрмақовтың Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы және ел тәуелсіздігін жақындатуға сіңірген еңбегіне қатысты ғылыми бағыттарды қамтыды. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев Н.Нұрмақовтың өмірі мен қызметін зерттеуді жүйелі жүргізіп, сол мақсатта бірлесе әрекет етудің маңыздылығына көңіл аударды. Шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

– Тарихты тұлға жасайтыны даусыз. Нығмет Нұрмақовтың ұлт тарихында алар орнын зерделеу 1956 жылы ол ресми түрде ақталғаннан кейін басталған. Соған орай, 1960 жылы алғаш рет А.Лекеровтің «Жалынды большевик» атты мақаласы «Советтік Қарағанды» газетінде басылған. Кейін С.Көлбаевпен бірігіп, тағы да зерттеу мақаласын жазған. «Орталық Қазақстан» газетінде 80 жылдан беріде Сапарғали Ләмбеков, Рамазан Сағымбеков сынды қаламгерлердің мақалалары шыға бастаған. Кейін оның есімі С.Мұқановтың «Есею жылдары» шығармасында айтылады. Ал, бұлардың бәріне Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» атты туындысында Нығмет туралы алтылған сөздер негіз болғаны анық. Сондықтан, Нұрмақовты зерттеудің бастауында Сәкен тұр деуге болады. Ал, біз осы жолды жалғап, бәрін бір жүйге түсіріп, салаларға талдап, жеке томдықтарын шығаруымыз керек. Сол дәуірде ғұмыр кешкен 200-ге жуық қайраткер мен оқымыстыны бөліп-жармай, тең деңгейде насихаттауға тиіспіз, – деді Нұрсахан Ахметқызы.

Еуразия гуманитарлық институты мен Астана халықаралық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Өскембаев Н.Нұрмақовтың сыртқы саясатқа байланысты жазған тағылымды түйіндеріне тоқталып, оның сол кезде айтып кеткен сөздері әлі де өзектілігін жоймағандығын айрықша атап айтты. 

Ал, Қарағанды политехникалық университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Қасымова Нығмет Нұрмақовтың Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы ретіндегі ұшан-теңіз еңбегін тілге тиек етіп, сол кезең тереңірек зерттелуі қажеттігін баса айтты. «Қарағандыдағы аты берілген көшені басқа көшеге ауыстыру мәселесін талай көтердік. Алайда, әлі аяқсыз қалып келеді. Шындығында,  Үкіметті басқарған қысқа ғана уақыт ішінде елдегі халық шаруашылығының барлық саласының аяғынан тік тұруына еңбегі сіңген Нығметтей біртуар тұлға есімінің ұзындығы 100 метрлік көшеге берілуі – көңілге қонымсыз. Ал, ескерткішін 70 жылдан бері қойылмай келеді. Бұл елдігімізге сын. Биыл осы шаруаларды реттеу керек», – деді ол.

Н.Нұрмақов атындағы оқу ошағының 8сынып оқушысы Аяулым Байжаханова конференция кейіпкеріне  арнаған өз өлеңін оқып берді.  

Спикерлер баяндамаларын ұсынумен қатар, қатысушылар тарапынан түскен сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарын ортаға салды. Осы ретте ұсыныстардың жан-жақтылығымен ерекшеленетінін айта кеткен жөн.

– Алаш арыстары «Әр адам өз мойнындағы міндетін жеріне жеткізе орындамаса, ұрпағына ауыр жүк қалады» деп өсиет қалдырғандай, біз үшін барлық ауыр жұмысты атқарып кеткен Нығмет Нұрмақовтың ерлікке тән еңбегін талап деңгейінде насихаттап, сол мақсаттағы шараларды атқаруда «бір жеңнен – қол, бір жағадан – бас» шығаруымыз керек, – деді онлайн жиында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

Сөз түйінінде конференцияның әзірленіп, ұйымдастырылуына ұйытқы болған Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы мен Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының жауапты жиынды ұтымды өткізуге қауқарлы екендіктерін танытқанын айта кету ләзім.

Жәлел ШАЛҚАР.

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *