Ногаева Боташ «Қазақ тілі.Парасат» ҚБ төрағасы

«Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ» — деген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіндегі сөзі жүрегіме жылылық ұялатты. Расында, әр қазағым жалғызым, әр қазақстандық бауырым,- деген тұлғаның сөзі осылай болуы керек!

Жалпы әлемнің басына төнген қауіпті дерт жайлы небір алып қашпа сөздер мен әңгімелерді естіген жан, жүрегі түршігіп, жарқын болашақты ойламақ түгілі, түңіліп кететін жағдайларға жетіп жатқанда, бүгінгі шыққан мәлімдемені оқып, біраз, жаныма қанат бітіп қалды.

Біз қазақ тойшыл халықпыз, әрі, араласатын туған-туысымыз да баршылық. Бізді үйде байлап ұстаудың өзі қиын болып жатқан жоқ па?! Жағдайға мойынұсынбай тәртіп бұзушылардың өздері қаншама болып жатыр. Бұл өз-өзіне ғана емес, жалпы халықты ойламаған бассыздық деп түсінемін. Үкімет Төтенше жағдайдағы тәртіпті орнатпаса, жағдайымыз бұдан да мүшкіл болар еді. Расында, дер кезінде қамдансақ та, соның өзінде күннен-күнге дерт жұқтырушылардың саны көбеюде! Әлі де болса, қатаң тәртіпті талап ететін жағдайда тұрмыз. Тәжііндеті – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы індет. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Біз де мойындауымыз керек!

Төтенше жағдай кезінде, мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көштік. Көшелер мен тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрігерлік көмек көрсетілуде. Шынында, күнделікті ақпарат бойынша кейбір аймақтарда індет шарықтау шегінде. Бірқатар өңірде вирустың таралу қаупі әлі де сейілмей отыр.Сондықтан, азаматтарымыздың денсаулығын сақтап, өмірін қорғап қалуды Үкімет өзінің басты міндетіне алып отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық сарапшылардың Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отырғаны әрине қуантады. Бірақ, осы жағдайға байланысты көптеген жан жұмыссыз, табыссыз қалды. Немесе, алға қойған мақсаттарына жете алмай, абдырап қалды. Осы орайда, Үкімет халыққа қолдау көрсетті. Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халықтың табысын сақтау үшін де арнайы шаралар қабылданды, әлі де болса қаралып та жатыр. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды. Бұған дейін, Төтенше жағдай кезеңінде Президентіміз Қ.К. Тоқаев азаматтарымызға қолдау көрсетуге арналған шаралардың екі топтамасын жария етті. Бұл шаралардың барынша жүзеге асырылып жатқанына куәгер болып отырмыз. Сонымен қатар, қоғам тарапынан осы шаралардың уақытылы жағдайда жүзеге аспай, кешеуілдеуіне де орынды сын-пікірлер айтылып та, ескеріліп те жатыр. Бәріне уақыт сарапшы!

Бүгінгі күнге дейін атқарылған және жалғасын тауып жатқан жұмыстар:

— 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетілген;

— 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылған;

— Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінген;

— «Nur Otan» партиясы және волонтерлар белсенді жұмыс атқаруда;

— азық-түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты ұдайы мониторинг жүргізілуде.Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ.;

— жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр;

— індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерге қаржылай қолдау көрсетілуде;

— денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көрсету үшін шаралар қабылдауда;

— 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды екен;

— 700 мыңнан астам компания мен жеке кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржыны үнемдей алады.

Келешекте:

— жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарланып отыр;

— Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетілмек;

— Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңге көлемінде көмек беруін жалғастырады.Оған қайтадан өтінім жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады;

— мұқтаж отбасылар азық-түліктерді ала береді;

— шағын және орта бизнеске тиімді несие беру үшін қаражат бөлінді;

— жұмысшы санын және еңбекақы көлемін азайтпау мақсатында ірі компанияларға тиісті қолдау көрсетіледі. Қазір олардың тізімі жасалуда. Оған ел экономикасы үшін аса маңызды компаниялар ғана енгізіледі.;

— күрделі жағдайға тап болған шағын және орта бизнес саласына көмек көрсетіледі;

— ауыл шаруашылық саласына көктемгі науқанға және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Оның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалмақ.

— жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр.

Міне, ел басына түскен қиындықтағы атқарылған және келешекте атқарылатын толағай жұмыстардың реті осындай.

Десек те, қауіпті індет саябырламай тұр. Қазіргі ахуалымыз күрделі. Әлем бойынша тәжііндетті жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп бара жатыр. «Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал.Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар»- деп, Қасым-Жомарт Кемелұлы ескерту жасауда. Әсіресе, Алматыдағы індет жұқтырған дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін ойласаң, жүрегің сыздайды.Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда. Ал, біздің, Жаратушы Алла Тағаладан дертке шалдыққандардың дертіне шипа сұрағаннан басқа амалымыз қалмай отыр!

Құрметті, ағайын! Президентіміз бұл індетке жеңіл-желпі қарауға болмайтынын айта келе, еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге ала отырып, Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешімге қол қойды. Өйткені, біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы осындай! Шынымен, карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп алуымыз мүмкін. Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Сабыр мен төзімге ден қояйық!

Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталғанда, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын біршама жеңілдетуді алдымен, індеттің таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастамақ. Бірақ, барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізу тоқтатылмайды. Күнделікті өмірде әлеуметтік ара қашықтықты ұстау тәртібін ұмытпау қажет. Расында, карантин тәртібінен шықтық екен деп, баяғы күнделікті тіршілігімізге келдік деп, жағаны жайлауға салуға болмайды, ағайын! «Сақтанғанды Құдай сақтайды», — дегендей тәртіпке ары қарай бағына береміз. Қарты бар ел – қазыналы, — демекші, созылмалы аурулары бар, қарттарымызды байқайық, ауырып қалмасын! Тіпті, бұл дертке кішкентай бүлдіршіндер де шалдығып жатыр. Оларға да жұқтырып алмайтын жағдай жасайық!

Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра беретін болды.

Мамыр айындағы мерекелерді де үйде атап өтетін болсақ та, Мемлекет басшысы Жеңіс күнінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірде-біреуі елеусіз қалмай, бәріне лайықты құрмет көрсетілетінін атап өтті. Жергілікті әкімдер соғыс және тыл ардагерлеріне материалдық көмек беріп, құттықтап, қолдау жасайтын болады.

Денсаулық сақтау министрлігіне ауруды тест арқылы анықтау жұмысын барынша күшейту, яғни, халықаралық стандартқа сәйкес тестілеуді тәулігіне кем дегенде 20-25 мыңға дейін жеткізу қажеттілігі тапсырылды. Сонымен бірге, Үкіметке қысқа мерзім ішінде отандық тест-жүйесінің өндірісін қолға алу да тапсырылды. Мемлекетіміздің дағдарыстан кейін де медицинаны дамытуға баса мән беріп, бұл салаға мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетілетіні айтылды. Салауатты өмір салтын ұстанған адам ешқашан дерттен қорықпасын ескерсек, осы ұстанымды жанымызға берік тоқығанымыз дұрысырақ болмақ! Ауырып, дәрі ішкеннен, ауырмайтын жол іздейік, ағайын!

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет» — дей келе, ендігі кезекте Үкімет пен Ұлттық банк 11 мамырға дейін Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар дайындайтынын айтты. Онда, дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылмақ. Қарапайым халық әрқашан Үкіметтен жанға жайлы жаңалық күтеді. Елдің амандығы үшін, Мемлекеттің сақталуы мен дамуына жасаған Үкіметтің әрбәр қадамына сәттілік тілейміз!

Сондай-ақ, мәлімдемеде Мемлекет басшысы, індетпен күрестің алдыңғы шебіндегі азаматтарға — халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге, қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына,дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға атсалысқан мемлекеттік аппараттың қызметкерлеріне – бәріне алғысын білдірді.

Қазір, он екі айдың сұлтаны – Рамазан айы! Бұл айда Мешіттерден адамның қарасы үзілмей, Тарауық намаздары оқылып, ауданымыздың мемлекеттік мекемелері, мәдениет қызметкерлері және кәсіпкерлері күн сайын ауызашар беріуші еді. Биыл жағдай өзгеше! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ел басына түскен қиындықты ескере отырып, сабыр мен төзімді қанағат етіп, Оразада бірқатар рәсімнен тартынуды ұсынды. Есесіне, барша мұсылмандарға отбасымен құлшылықтарын көбірек жасап, қасиетті Құран іліміне көп ден қоятын мүмкіндік берілді.

Ардақты, ағайын! Қасиетті Рамазан айында Алла абырой беріп, ел мүддесі үшін атқарылып жатқан еңбектердің жемісін көрсетіп, барша халқымыз осы сұм індеттің арбауынан аман шығайық! Біз бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып, бірлігіміздің бекемдігін көрсетейік! Ел азаматтарының елдің қамы үшін жасаған қайырлы істеріне оң бағамызды бере отыра, қолдап, қорғайық! Туған Отанымыз бен туған жеріміздің берекесін сақтайық! Жаман ойға бой алдырмайық! Бәрі, бір Алланың құзырында!

Біз үйдеміз!

Біз біргеміз!

Ногаева Боташ «Қазақ тілі.Парасат» ҚБ төрағасы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *