Қуғын-сүргін жылдар

31 мамыр – Саяси-қуғын сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні. Сталиндік қызыл террордың қанды қырғынына аяусыз ұшыраған халықтардың бірі – қазақтар. Екі бірдей төңкеріс, екі бірдей алапат аштық, азаматтық соғыс пен ұлт қаймақтарын қидай сыпырған саяси-қуғын сүргіндер қазақ халқын сандық, сапалық тұрғыдан аса ауыр зардапқа душар етті. Ұлтымыз оның ауыр салдарынан әлі күнге дейін еңсесін тіктей алмай келеді. Бұл зұлмат пен оның ауыр салдары тек Атажұрттың қазіргі аумағында ғана емес, сол дәуірлерде шекарадан тыс өмір сүрген қазақтарға да қатысты. Сондықтан да баяндауымызды өзіміз бала күнімізден естіп-біліп өскен жағдайларға қатысты өрбітпекпіз. КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.

«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.

Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.

Мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған соңғы деректер бойынша, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбандарының саны 40 миллионға жеткені айтылады. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданады. 1997 жылы ҚР Президентінің Жарлығы бойынша, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды.

Тәуелсіздік жылдары 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.

Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіреттерді, «екінші ақтабан шұбырындыны» кешу ғасыры болды. Тарих қатпарларында қаншама жазықсыз төгілген көз жас пен аққан қан қалды. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес үш бірдей ашаршылық болды. Бүгінде еліміз тәуелсіз! Қаншама қиындық көрген ата-апаларымыздың тарихы бізге бүгінде тарих. Ұмытылмас естелік.

 

 

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *