ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛҒАН ТАЙЛАҚ БАТЫР

Кіріспе сөз

«Тәуелсіздік» қандай асқақ ұғым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп атап өтуі тегін емес. Қазақсатан Республикасының Президенті өз мақаласында тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйінін ашып көрсетіп берді. «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеология- ның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді»,- деді.

Тәуелсіздік жолында күр- ескен күрескерлердің мәңгі бейнелері есімізде сақталады. Өйткені бүгінгі күнге жету үшін сандаған тұлғалар тарих мінберіне көтеріліп, өздерінің іс-әрекеттері арқылы ұлттың болашағын айқындап берді. Олардың қатарына ел бастаған хандар мен сұлтандарды, қол бастаған батырларды, әділдік айтқан би-шешендерді, рухани демеу көрсеткен әулие-абыздарды жатқызамыз. Бұл тұлғалардың барлығының да қазақ елінің іргетасын нығайтудағы орны ерекше. Біз сөз еткелі отырған, шапқыншылықтан елін, жерін қорғауда, азаттық үшін күресте айрықша қаһармандық танытқан, тарихи тұлғалардың бірегейі – Тайлақ батыр Берлібайұлы.

Шежіре  – ұрпақтың

тарихи-мәдени өрісі

 

Тарих дегенің тек қана өткеннен тұрмайтынын ескерсек, онда қазақ халқының тарихын тану үшін, ұлттың этникалық тұтастығын білу үшін ру шежіресін терең зертеп білмей, ой түйіндеу мүкін емес. Тарихты білу, ата-бабаның өмір тіршілігін ұмытпау  – тірілердің адамгершілік міндеті ғана емес, сонымен бірге ілгері дамудың кепілі де.

Тайлақ батыр туралы ақпарат жоқтың қасы десе болғандай. Қолда бары тек батырдың  ұрпақтарынан алған аз-мұз деректер ғана. Өмір сүрген уақыты шамамен XVIII ғасыр. Көне көз қарттардың айтуы бойынша, Тайлақ батыр Арқа өңірінде дүниеге келген. Шежіре деректері бойынша, батыр Орта жүздің тумасы, Арғын-Қуандық тайпасына жататын – Алтай-Қареке руынан шыққан.

Тайлақ ересен бойлы адам болыпты. Және оны ел қамын ойлаған тұлға ретінде ұрлықты, озбырлықты, арамдықты жек көріп, жастайынан адал, ойы алғыр болғандығы көптеп айтылады. Батырдың тағы бір сыры мақтан құмар менмендікке, біреуді келемеждей күлгендікке жаны қас, достыққа – тәтті, жауына – удан ащы болғандығы. Қысқасы, Тайлақ батыр еліне қорған болған бабалардың ақ жолына дақ түсірмей өткен киелі буынның үздік өкілі.

 

Тайлақ батырдың

өмір сүрген уақытының

аласапыран оқиғаларға

толы болуы

 

Елдің еркіндігі үшін «Ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып» халқын ұрыс даласына талай рет бастап шыққан. Тайлақ батыр Берлібайұлы, қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен. Тайлақ батыр – жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі. Өз жұрты былай тұрсын, қайсар қайтпас ерлігі мен өжеттілігінің арқасында, ата жауы – жоңғарлардың өзі қадір тұтуға мәжбүр болған деседі ел ауызындағы аңыздар. Ерлігіне ақылы сай батыр бастаған іс қашанда халық тілінен шығып, жақсылықпен бітіп отырған. Тайлақтың інісі Деріпсалмен Қанжығалы Бөгенбай және атақты Орта жүз батыры Шерубай Биболдыұлының сенімді сардарларының бірі болған. Тайлақ әсіресе, өзінің немере ағасы, Шерубай батыр Биболдыұлымен үзеңгілес         дос-жаран болған.

Өзінің рулас інісі Тайлақ батырға ағалық үлгі-өнеге көрсеткен Шерубай батыр Биболдыұлы кім? Тарихи деректерге, сондай-ақ көне көз қариялардың айтуына қарағанда, ол 1710-1760 жылдар аралығында ірі шайқастарға қатысқан және Арқаны қалмақтардан азат ету жорықтарында көзге түскен, тау тұлғалы, ержүрек кісі болған. Шерубай батыр – Орта жүздің сыртқы жауларға қарсы күресінде ту ұстап, тұлпар мінген, қос баһадүр Бөгенбай мен Шақшақ Жәнібек батырлардың жорықтас жолдасы.

Шерубайдың сыртқы жаулармен болған ұрыстарда көрсеткен ерлігі туралы мағлұматтар Қазақ Ұттық энциклопедиясынан, Қарағанды облысының энциклопедиясынан лайықты орын алған. Тарихи тұлға Шерубай батыр туралы жоғарыда аталған энциклопедиялар не дейді?

Сондағы деректерге кезек берсек, 2006 жылы «Атамұра баспасында жарық көрген «Қарағанды облысы» деген энциклопедияда (551-552-ші беттерде) мына деректерді оқуға болады: «Шерубай Биболдыұлы (1693-1812) – батыр. Туып-өскен мекені қазіргі Қарағанды облысы Топар кентінің маңы. Орта жүз жеріне қалмақтардың шабуылы кезінде (1721-1730 жылдар аралығында) Тоқбура Қарекеұлы жасы алпысқа келіп қалса да ел жиып, жауға қарсы ту көтерген. Шерубай оның қолбасшы батыры болған. Хас батырлығы, өлшеусіз ерлігі туралы ел аузында әңгіме көп. Қарағанды облысының Шет және Бұқаржырау аудандарының жері арқылы ағатын Шерубай-Нұра өзені батырдың атымен аталған. Осы өзеннің жалғасында Шерубай-Нұра теміржол стансасы орналасқан. Бұл бекет 1934 жылы Қарағанды-Балқаш теміржол құрылысы кезінде пайда болды».

«Қазақстан» атты Ұлттық энциклопедияның 9-томында (2007 жылы жарыққа шыққан)  келесідей мәліметтер ұсынылған (502-ші бетте): «Шерубай Биболдыұлы – туып-өскен мекені Қарағанды облысының Топар кентінің маңы. Орта жүз жеріне жоңғарлардың шабуылы кезінде ел жинып, жауға қарсы ту көтерген…»

Қарағандылық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған Сәбит Бексейіттің (1950-2021) «Шерубай батыр» атты поэмасында мынандай жолдар бар:

«Даласында Нұраның ырыс қонған,

Алтай-Қарпық баласы қоныстанған.

Ата-баба мекенін ата жаудан,

Тазартам деп қайран ер ұрыс салған.

Жасы келіп қалса да алпысыңа,

Сағы сынып көрмеген, қары сына.

Тоқбура ата ел жиып, жауға қарсы,

Ту көтерген сүйеніп намысына.

Қолбасшысы сол қолдың – ер Шерубай,

Зор алыпты туғызған кең жерім-ай.

Тапсырған соң ел сеніп зор міндетті,

Батпан істі тындырған  еңсеріп жай.

Олар жауды Шу жаққа ығыстырған,

Жол-жөнекей өкшелеп, ұрыс қылған.

Жауға талай батырың ойран салған.

Хас батырлық танытып, түртіп қуған».

Жоңғарлар қазақтарды түпкілікті жеңу мақсатымен 1739-1741 жылдары Орта жүз қоныстарына қарсы  жойқын жорық ұйымдастырған. Қазақтың қарсыласу күшінің неғұрлым шоғырланған жері Орта жүз екенін біле отырып, сол қамалды бұзуды ойлаған. Бірақ мақсатына жете алмай кейін шегінуге мәжбүр болды. Қазақ жастары 1745 жылы жаздың бас кезінде Орта жүз жерлерін басқыншылардан толық азат етті.

Орта жүзде болған бір шайқаста Тайлақ інісі Деріпсал бастаған шағын қолмен жаудың артынан қуған. Бір биік шоғырға жақындағанда шоқының басында бір қарайған көрінеді. Шоқыға жақын келгенде әлгі қарайған қанатын жайып қарақұсқа ұқсап, санқып кеткендей әрекет жасап, шоқының арғы бетіне түсіп кеткен. Сол жерде інісі Деріпсал: «Мына көрінген жан-жақты барлаушы, бізді көрген соң қуғыншы келе жатыр деп хабар беруге кетті. Абзалы біз елден қол жинап қаруланып келейік, жау жағы көп шығар» деген. Тайлақ батыр: «Мен жаудан қорқып кейін қайтпаймын, не де болса  осы қалмақпен соғысамын» деп, шағын топпен ұрысқа кіріп кеткен.

Ойлағандай-ақ шоқының арғы беті қалмақтардың қалың қолы екен. Сол соғыста Тайлақ батыр аз топпен қаруы сай көп қалмаққа жанқиярлық соғыс жүргізіп, ауыр жарақаттанады. Деріпсалдың астында ұшқыр арғымағы бар екен, ағып келіп, ағасының дегенсін өңгеріп алып, жаудан алып шығады. Тайлақ батыр қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Қызылқой өзенінің маңында жан тапсырады. Қазақтың ежелгі салтымен, батыр қай жерде өлсе, денесі сол жерге қою керек. Сондықтан да Тайлақ батырдың сүйегі  Қызылқой өзенінің сол жағында жерленген.

2010 жылы Тайлақ батырдың ұрыс даласында жерленген жері анықталды. Тайлақ батырдың құрметіне ұрпақтары Қызылқой ауылында ас берді. Батыр жерленген зиратта мазар тұғызылып, басына ескерткіш тас қойылды.

 

Тайлақ батырдың қазақ-қалмақ соғысында ерлік көрсеткені жайлы қызықты әңгімелер  

Біздің мақсатымыз – ата-бабамызды жалған мадақтау, жоқтан бар жасау емес. Тек шындықты қолдағы бар, қазіргі заманға жеткен, ел аузындағы әңгімелер мен тың дерек көздеріне сүйеніп, Тайлақ Берлібайұлы туралы тарихи ақтаңдақ беттерді ашып және Тайлақ батырдың тарихтағы лайықты орнын көрсету. Енді сол тарихи шындықты айтатын дереккөздеріне, ел аузында сақталып қалған әңгімелерге жүгінейік.

Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталай енген кезі болуы керек. Бір ұрыста қазақ-қалмақ жасақтары екі төбенің басында жиналып, қан төгіспек үшін бірін-бірі жекпе-жекке шақырады. Сонда 20 жасар Тайлақ Бөгенбай батырдың алдына барып, жекпе-жекке шығу үшін бата сұраған екен. Сонда қолбасшы оның түрін көріп: «Әй, балам,сен жас екенсің, анау қалмақтың бас батыры талайды көрген жырынды, алапат күш иесі, жасы да анағұрлым үлкен, өзіңе-өзіңе сенбесең шықпай-ақ қой. Жеңіліп опат боларсың», депті.

–       Жоқ, ата! Мен өзіме өзім сенемін. Жіберсеңіз бата беріңіз,– депті жұлқынып.

Сонда Бөгенбай батыр: «Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Жеңіп жауыңның басын ал! Алла жар болсын! Арғын бабаңның аруағы қолдасын, әумин!», деп қысқа қайырып, батасын береді.

Екі сарбаз бір-біріне құйындата қарсы шаба жөнеледі. Екеуі бірін-бірі көпке дейін ала алмайды. Қалмақтың қара күші басым болғанымен, амал-тәсілі шамалы, қимылы борпылдақ екен. Қазақ батырының шапшаңдығына төтеп бере алмаған қалмақ әбден қан сорпа терлеп, берекесі кете бастайды.

Жекпе-жекке шыққан батыр Тайлақтың көзіне көзі түсіп, ажал келгенін сезгендей болады. Екеуінің ұрысқаны қанша уақытқа созылғанын кім білсін, бір кезде көз ілеспес жылдамдықпен қимылдаған қазақ батыры найзаның ұшымен қалмақтың кіндігінің ұшынан шаншып, бұрап-бұрап жіберіп, тартып қалғанда, оның ішек-қарыны ақтарылып, өзімен бірге жерге түседі. Жерге екі бүктеліп топ ете түскен жауының басын Тайлақ қылышымен шауып алады.

Мұны көрген қазақ жастары қуанғаннан «Ақжол, Ақжол» (Арғын тайпасының ұраны) деп төңіректі күңірентіп жібереді. Қалмақтар жағы алдыңғы сенімнен айырылып, қатты абыржиды. Олардың жан-жаққа бытырап қаша бастағанын байқаған қазақтар лап қойып, жауды жеңеді. Ата-бабаның аруағы қолдап, алғаш рет қалмақтың батырымен жекпе-жек ұрыста жеңіске жеткен жас жігіт Тайлақтың жұрт көзіне түсіп, батыр деген атқа ие болып, соғысқа нағыз араласқан кезі осыдан басталды. Қанжығалы Бөгенбай батыр Тайлақ Бердібайұлын сарбаздарының жүз басы етіп сайлайды.

Тайлақ туралы ел аузында айтылатын әңгімелердің бірі – оны немере ағасы Шерубай батыр Биболдыұлының алғаш рет сынап көруі.  Шерубай шағын қолмен әлдебір жорықтан қайтып келе жатқанда, жол-жөнекей күздің суық жаңбырына ұрынып, күмбезді бейіттердің біріне түнепті. Суықта киім кептіріп, ыстық ас істеп ішуге отын керек болады да, сол маңайындағы шарбақты бейітті бұзып әкелуге Тайлақты жұмсайды. Жас батырды сынау үшін соның алдында ғана екі-үш жігітті әлгі бейбітке әдейі жасырып қойған екен. Тайлақ батырдың ойында ештеңе жоқ, айсыз қараңғыда бейбіттің шарбағын бытырлатып бұза бастайды. Сол сәтте әлдеқандай күңіренген үн естіліп, кілең бір кебінін сүйреткен аруақтар ескі қабірден шығып келе жатыр.

–       Әй, имансыз, тірілерді тонап болып, енді өліктің дүниесіне қол салдыңдар ма? Құдайдан қорықсаңдар нетті? – дейді аруақтар түн-түнегін жаңғырықтырып. Сонда Тайлақ қылышын қынабынан суырып алыпты да:

–       Қайт кейін! Өлген аруақ сен түгіл, тірі Шерубай аштан өлгелі жатыр! –деп әлгілерге тап беріпті.

«Аруақтар» оқыся туралып қала жаздап, зорға қашып құтылса керек. Осы сынақтан кейін Тайлақтың жүректілігіне Шерубай батырдың көңілі толып, оны ылғи да шайқастың ең қызу жеріне жұмсайтын болыпты…

Ел аузында сақталған тағы бір әңгімеде, Тайлақ және оның інісі Деріпсал әскери қимылдар біршама бәсеңсіген мезгілде елдеріне барып келмекші болып жолға шығады. Олар жолшыбай жоңғар әскерінің мініс аттарынын бағып жүрген бір топ күзетшілерге кегеді. Күтпеген жерде болған шайқаста ағайынды екеуі күзетте жүрген бірнеше жоңғарларды өлтіріп, олардың бағып жүрген аттарын айдап әкетеді. Елге келген соң олжалаған аттарды ауылдағы ағайындарына үлестіріп береді. Сол жолғы сапарда тағы бір есте қалатын жайт – ол Деріпсал мініп келе жатқан ат ұзақ жүрістен болдырып қалғандықтан, алдарында айдап келе жатқан аттардың жарамдырақ біреуіне ауысып міну болған сәтте, Тайлақтың қара күштің иесі екендігін көрсетуі еді. Тапал бойлы Деріпсал ірікті атқа міне алмай біраз әуре болды. Содан Тайлақ батыр атымен жақындап келіп, жерде тұрған інісін найзаның ұшымен іліп алып, әлгі аттың үстіне апарып оп-оңай отырғыза салыпты.

Қазақ тарихында елін, халқын қорғаған, үгі боларлық батыр жетерлік. Қазақ оңайшылықпен қозғалмайды. Бірақ қозғалса, ешнәрседен қорықпайтын ел. Сондықтан да ұрпағына Тайлақ сияқты батырлардың есімін ұлықтап қойған ел батыр емес деп ешкім айта алмас.

 

Қорытынды

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Еліміздің ұлттық идеологиясына айналдыруға болатын керемет тарих. Қазақ халқы ел басына күн туғанда бірігіп, ел ішінен шыққан батырлардың, қолбасшылардың қиын кезеңде ел азаттығы үшін күрес ұйымдастыра білген.

Өткен ғасырдың  60-шы жылдарынан бері мен Тайлақ батыр тарихына қатысты талай көнекөз қариялардан естіп-білгенімді, Тайлақ Берлібайұлы қазақ батыры екеніне дәлелдер тауып, 60 жылдан кейін жазып отырмын. Ол уақытта: «Тайлақ – қазақ батыры, ол осы маңайда, Арқа өңірінде қазақ-қалмақ соғысы кезінде мерт болып, ауыр жарадан көз жұмғанын аталарымыз жиі айтып отыратын». Міне содан бері Тайлақ есімі әкеден балаға ауыса келе, даңқты батыр есімі ел есінде мәңгі қалды. Тайлақ батыр аңызда ғана аты аталған белгісіз көмескі жан, не болмаса ақынның, жазушының қиялынан туған әдеби кейіпкер емес. Ол қазақ тарихында өшпес із қалдырған ержүрек батыр тұлға. Отанын жерін құлай сүйген ержүрек азамат. Қазіргі таңда Тайлақ батырдың ұрпақтары бабаларының ізімен бас көтерерліктей, ел мақтарлықтай өмір сүруде. Олардың біразы ел ағалары.

Сөз соңында айтарымыз, қазақта «Өзін-өзі билеген ер бақытты, өзін-өзі билеген ел бақытты» деген мақалда айтқандай елі үшін жанын пида еткен ерлеріміздің ұрпақ алдындағы борышы деп білеміз. Ғасырлар бойы армандаған, білек пен ақыл күшімен қол жеткізген тәуелсіз еліміздің егемендігі мәңгі болғай!

Рашит КАРЕНОВ

Экономика ғылымдарының докторы, академик

ҚР Білім беру ісінің

құрметті қызметкері.

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *