ЖАҚҰТТАЙ ЖАРҚЫРАЙТЫН ЖАУҺАР ШЫҒАРМАЛАР МЕН ЖӘНЕҰЛЫ ЕРЛІКТЕРІ МЕН ЕЛ СҮЙІСПЕНШІЛІГІНЕ БӨЛЕНГЕН СӨЗ ЗЕРГЕРІ

Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, заңғар жазушы – драматург Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің 120 жылдығы жақындап келе жатыр.

Академик-жазушының өмірі мен шығармашылығы қазақ халқының тағдырымен, қазақ әдебиетінің қалыптасу, өркендеу тарихымен табиғи байланысты. Бір кездегі мешеу қазақ ауылының баласы өзінің туған халқымен бірге түлеп, мәдениеттің шарықтау биігіне көтерілді. Оның қоғамдық қызыметі мен шығармашылық еңбегінен айырып қарастыруға болмайды.

 

Мүсіреповтің ғұмырнамасы қызығуға тұратын ғұмыр екені жайлы ой-толғам.

Асқар таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді, ұлы тұлғалардың асыл бейнелері, бүкіл рухани әлемі өмірден озған соң күннен-күнге, жылдан-жылға асқақтай көрінетіні заңды құбылыс. Ал оның артында қалған мұралары жер шарының географиялық картасының әсем суреттеріндей көзге шалынады. Кемеңгер қаламгер, классик жазушымыз Ғ.М. Мүсіреповтің жазушылық ғұмыры мен шығармашылық еңбектері туралы ой қозғағанда әрбір көзі қарақты оқырман осындай әсер-сезімде болса керек-ті.

Ғабит Махмұтұлының өмірі бай да ұзақ өмір болады. Ол өз ұлтының символы бола білген арыс. Бұл оның бойна жарасатын шындық еді. Баяндамасы жоқ анықтама болатын. Сол арыс жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы,  «Жаңажол» ауылында дүниеге келеген. Көсемсөз шеберінің ата-тегі туралы атақты академик-жазушы Сәбит Мұқанов мынандай деректер ұсынады: «Ескі ауылдың тілімен айтқанда, Ғабитпен мен руласпын. Екеуіміздің де арғы аталарымыз Керей Сибан ішінде Қорыққа жатады. Қорықтан Тақпамбет, Сейіт туған екен. Ғабит Тоқпамбет ішінде Беспайға жатады». (Мұқанов С. Ғабиттің анасы Дина – менің кіндік шешем. // Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам: Ғабит Мүсірепов, 2012, №18(54),6-8-беттер).

Шежіре деректеріне сүйенсек, Беспайдың сегіз ұлының бірі – Тасболаттан Қуат және Сәдір атты екі ұл дүниеге келген. Қуаттың ұлы Жолғұттыдан – Еламан. Одан Әсіреп, Мүсіреп, Кенжатай туады. Мүсірептен Кәжімбай Ботбай атты екі ұл болған. Кәжімбайдан Мақмет(Махмұт), Ақан, Мақан, Самырат туады. Махұмытты (Ғабиттің әкесі) Мүсіреп қария кішкентайынан бауырына салады да, Кәжімбайға енші бергенде алып қалады. Мақметтен(Махмұттан) Хамит, Сәбит, Ғабит, Баязит, Гүлсім, Әшім туған.

Ғабит тоғыз жасқа дейін өз аулында оқып, хат таныды. 1916 жылы екі сыныпты ауылдық орыс мектебінде бір жыл, одан кейін төрт жыл орыс мектебінде оқып, оны 1921 жылы бітірді. 1923 жылы Орынбор қаласындағы  жұмысшы фаультетіне (рабфакқа) түсіп, онда үш жыл оқыды. 1926 жылы рабфакты бітірген соң, Омбыдығы ауыл шаруашылығы институтында бір жыл оқып, 1927-1928 жылдары Бурабай техникумында оқытушылық қызмет атқарды.

Ғ. Мүсірепов 1928-1938 жылдар аралығында «Қазақстан» баспасының директоры, «Қазақ әдебиеті», «Социалды Қазақстан» газеттерінің бас директоры, Қазақстан КП Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Өнер істері басқармасының бастығы болып лауазымды қызметтер атқарды. 1938-1955 жылдары бірыңғай жазушылық жұмыспен шұғылданды. 1955-1956 жылдары «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағы Басқармасының бірінші хатшысы болып  істеді. 1959-1985 жылдары КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарды. 1958 жылдан КСРО Минстрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және архитектура салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің мүшесі болды. 1960 жылы 1970 жылдары жазуы қазақ мәдениеті мен шетелдерде конференциялар мен жиналсытарға қатысып, Отанының әдеби туындыларын таныстырып жүретін болған. Мәселен, 1960 жылы Африка және Рим мен Еуропа жазушыларының конференциясында жұртшылықты Қазақстан ғылымының, әдебиетінің, өнерінің даму жолдары мен таныстырды.

Қазақ әдебиетінде Ғабит Махмұтұлының алған орыны айрықша. Қолынан қаламын түсірмей өткен 60 жылдай уақыт ішіндегі елдің қоғамдық және мәдени өміріндегі қадау-қадау оқиғалар суреткер шығармашылығының өзекті тақырыбына айналды. Мүсірепов повестері мен романдары, әңгімелері мен пьесалары ұлттық әдебиеттің қалыптасуына игі ықпалын тигізді. Олар қазақ қоғамы мен қазақ халқы психологиясындағы бүкіл әлеуметтік өзгерістерді шынайы бейнелеп береді. Сондықтан да заңғар жазушының артына қалдырып кеткен ұланғайыр әдеби мұрасы ұлттық рухани мақтанышымыз болып табылады. Ол туралы тарлан таланттың жерлес інісі, белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов: «Әлі де талай замандар өтеді. Талай-талай толқындар кезекпен ауысып, талай-талай ұрпақтар келеді. Сол кезде халқымыздың осы бір тұстағы бел-белесіне үңілер адам болса, Мүсірепов шығармаларына соқпай кете алмайтыны айдан анық» деп жазғаны белгілі.

Ғ.М.Мүсіреповтің әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап өмірдің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әйгілі әңгімелері мен повестері, романдары, қоғамдық публицистік, журналистік сыншылдық еңбектері «Суреткер парызы» (1970) «Заман және әдебиет» (1982), «Дәуір дидары» (1986) «Әдебиет-кәсіп емес, өнер» (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді.

Әдебиет әлемінде классик жазушы ретінде танылған Ғ.М.Мүсірепов 1985 жылдың 31 желтоқсанында Алматы қаласында дүниеден өтті.

 

Әйгілі жазушының әдебиет саласындағы алғашқы туындылары

Ғабит Махмұтұлы жасы отыздың үстіне шыққан кезден бастап Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің айтулы өкілдерінің қатарына қосылды. Қосылып қойған жоқ, даралық сипатымен топтың алдына шықты. Ол Кеңес әдебиетінің ең бір сырбаз қаламгеріне айналып, отызынщы жылдан бастап жамбасы қара жерге тигенше оқулықтар мен зерттеулерде, баяндамалар мен мақалаларда аталып, марапатталып жүреді. Сәбит Мұқанов Ғабитті жазушы ретінде ең алғаш рет 1931 жылы «Қаз АПП алтыға толды» деген мақаласында пролетар ақын-жазушылардың тізіміне кіргізген.

Жас қаламгер 1927 жылы жарық көрген «Тулаған толқында» повесімен-ақ бірден көзге түсті. Повестің кейіпкері Шайза – бас бостандығы үшін талай күрескен қайсар қыз. Жазушының алғашқы көлемді хикаятында 1916 жылғы дүрбелең кезіндегі ауыл тіршілігі, әйел тағдыры, кейінгі азамат соғысының көрінісі бейнеленеді.

Содан былай қарай Ғ. Мүсірепов баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта берді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар» (1928), «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Өмір ертегісі» (1930), Шұғыла» (1934), «Үздіксіз өсу» (1934) «Жайлау жолында» (1936), «Тұтқын қыз» (1938), «Жеңілген Есрафил» (1939), т.б. туындылары бірінен кейін бірі жарық көрді. Осы әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру  кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді.

Ғ.Мүсіреповтің шығармашылығына оның  Максим Горькийдің ана туралы әңгімелерін қазақшаға аударуы соны леп әкелді. 1933 жылы ол Горькийдің «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» деген әңгімелердің еркін аудармасын жасады. Аудармашы олардың стилінің романтикалық көтеріңкілігін сақтай отырып әңгімелердің көлемін біраз қысқартты. Бұған қоса кейбір психологиялық сәттерді баса көрсетті.

Олардың атауларын да өзгертті. Орысша  түпнұсқасында адамның дүниеге келуіне басты назар аударылса, аударманың қазақшасында ананың бейнесіне, қасиетті аналық сезімге басты орын берілді.

М.Горький әңгімелері 30-40-шы жылдары Мүсіреповті аналар туралы новеллалар топтамасын жазуға итермеледі. М.Горькийдің «Келді адам өмірге» деген әңгімесіне Ғабең «Адамның анасы» деп ат қойып, оқырман назарын, шығарманың  негізгі салмағын анаға, ананың киелі махаббатына аударды.  «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», – қазақ топырағында көктеген туындылар. Жазушылар қара күштің ана жүрегін мойыта алмайғанын суреттеу арқылы «Ана алдында өлім де мойын ұсынады. Өлімді өмір жеңеді» дегенді бейнелеп береді.

Ғабит Махмұтұлы Ұлы Отан соғысы жылдарында да ана тақырыбына қайта оралып, екі әңгіме жазады. Оның бірі – «Ер ана» (1942). Онда жау уақытша басып алған селодан ауру немересімен қалған Наталья ананың партизандар көмген минаны жарып, неміс офицерлері орналасқан мектеп үйін өртеп, ормандағы партизандарға қосылуы суреттеледі. Ал «Ақлима» (1944) әңгімесінде жалғыз ұлы соғыста ерлікпен өлген ананың майданнан күтуі, оны өз баласы Қасымнан кем көрмеуі баяндалады. ҒабитМүсіреповтің ананлар тақырыбына арналған әңгімелері жайлы академик Серік Қирабаев: «Жазушының ана туралы әңгімелері осы дәуірдегі үлкен жаңалық болып табылады. Оларда Ғабит М. Горькидің әсерімен, ананы ардақтау, ананы қадірлеу идеясын көтеріп, оны романтикалық пафоспен жырлай біледі. Ол Горькийден «Өлімді жеңген ана», «Адамның анасы» әңгімелерін еркін аударып, қазақ өмірінің шындығы негізінде «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ананың анасы» тәрізді әңгімелер жазды. Бұлардың қайсысы болсын, өмір иесі – ананың парасатын, күш-қайратын, асқақ сезімін паш етті» деп өте орынды тұжырым жасайды (Қиратаев С. Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Қазығұрт» баспасы, 2007. Том 1. – 456 бет)

Суреткер жазушының романдары – әдебиетіміздің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар

Бір шығармасынан бір шығармасы асып түсіп жататын Ғ. Мүсіреповтің жазушылық шеберліктері мен жазу ерекшеліктерін сан салаға бөліп талдауға болады. Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі.

1945 жылы Ғабиттің «Қазақ батыры» деген повесі басталды. Ол Ұлы Отан соғысын бастан өткерген, Кеңес Одағының батыры Қайырғали Смағұловтың ерлік жолын әңгімелеген деректі шығарма болатын. Повесть жөнінде әртүрлі көзқарас, сындар болады. Жазушы осы жайларды ескеріп және шығарманың деректі жағын пайдалана отырып, оны кең тынысты роман етіп қайта жазды. Онда Ұлы Отан соғысына қатысқан  қазақ солдатының тууын, есейіп қалыптасу жолын, ерлік, отаншылдық сезімдерін молынан ашып көрсетті. Соған орай, роман «Қазақ солдаты» деп аталды. Бұл шығарма тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылды.

Осы романның ұнамды жақтары жөнінде айта келіп, белгілі сыншы М. Қаратаев: «Сонымен, Ғабит Мүсіреповтің қазақ әдебиетіндегі қол жеткен үлкен табысы – көп ұлтты совет халқының Отан соғысы тұсында шарықтап көтерілген биік мұратын совет жауынгерлерінің ұжымдық образымен бейнелеп жеткізуінде деп білеміз» деген тұжырым айтқаны белгілі (Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар, 3 томдық. – Алматы: Жазушы, 1974, 392 бет).

Ғ. Мүсіреповтің 1953 жылы жарық көрген «Оянған өлке» романын қалың оқырман жылы  қарсы қарсы алды. Ол қазыналы Қарағанды өңірі туралы эпикалық шығарманың бірінші кітабы болатын.

«Оянған өлке» Ғабиттың эпиктік талантын әйгілеп қана қойған жоқ, Мұхтар Әуезовтің «Абайынан» кейінгі дәуірде қазақ романының жетілген үлгісін көрсетті. Роман атынан көрініп тұратындай, автор сол негізде өлкенің оянуын, жан-жаққа тарамданып, кеңейіп бара жатқан жолдар арқылы қазақ жерін капитализмнің шырмауықтай шырмап, буындырып әкетіп бара жатқанын шебер бейнелеген. Жапан далаға салынған қалалар бір жағынан патшалық орыс отаршылдығының табан тірейтін тірегі болса, екінші жағынан сол капиталистерді байыта түсуге қызмет етудің құралы.

Жазушы өз шығармасында қазақ даласында ашыла бастаған өндіріс ошағы мен алғашқы жұмысшылар тобының туу, қалыптасуы проблемасын қозғады. Әр түрлі ұлтқа жататын жұмысшылардың арасындағы достық қатынастардың нығаюын көрсететін фактілерге жан бітіреді. «Мен әлі патша билігі жүріп тұрған кезеңде көшпенділердің өз даласында жаңа жол тапқандығы және қараған көп өскендіктен Қарағанды деп аталып кеткен жердегі мыс рудалары мен көмір кәсіпорындарына қалай жұмысшы болғандығы туралы егжей-тегжейлі  әңгімелеп беруді қажет деп санадым. Олардың шиеленісті тағдырлары, олардың өмірден жақсы орын табу туралы жаңа түсінігі – осының бәрі «Оянған өлке» романына негіз болды», деп жазды автор.

1984 жылы жарық көрген қаламгердің «Жат қолында» романы – «Ояның өлкенің» жанды жалғасы. Онда қазақ елінің бүкіл болмысы, тұрмыс тіршілігі, ой өрісі молынан көрініс тапқан. ХIX-XX ғасырдың шекарасында Қарағанды өңірінің ғаламдық өркениетпен тоғысу шағы болды. Бұл тұста Қарағанды өндірісінің ресейлік иелері күйреп, ол шетел билеушілерің қолына өтті. Романда бұрынғы кейіпкердердің заманымен бірге сахнадан шығып, оның орын жаңа адамдарының басқаны айқын көрінеді. Игілік бай қартайып, жұрт алдына Кенжеғара шығады. Ол сол кезеңдегі қазақтардың көзі ашық белсенділердің типтік өкілі. Ағылшын кәсіпкерлерінің озбырлығына қарсы ереуіл ұйымдастырған топтың басында жүрген де – осы Кенжеғара.

Сөз зергерінің бұл екі романның кейіпкерлері ойдан шығарылған емес. Шын мәнісінде осы аймақта өмір сүріп, оның алдағы тағдырына азды-көпті өзіндік ықпалын тигізген жандар болды. Ғабит Махмұтұлының «Оянған өлке» және «Жат қолында» атты туындылары – ірі салалы да салиқалы шығармалары. Дилогияның тарихи – идеялық түйіні – большевиктер бастаған революцияшыл күштердің жеңіске жетіп, таптық теңдік орнату жолындағы күрестерін тиянақтауы. Кеңес заманында жазылған шығармадан бұдан өзгеше идеялық-көркемдік шешім табу да оңай емес еді.

 

«Ұлан» романы – Ғабеңнің ең шұрайлы, ең әдемі, ұмытылмайтын шығармасы

Сөз маржаны мен інжуін тізген Ғ. Мүсіреповтің «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы атақты «Ұлпан» романы (алғашқыда повесть болып шықты) дүниеге келді.

«Ұлпан» – тарихи ел шежіресінің мазмұнында құрылған шығарма. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы, кең көлемде сөз болды. Осы туындыдағы бас кейіпкер – өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен көзге көрінетін Ұлпан.

Шығармадағы Ұлпан образы – қаламгер жүрегінің терең тебіренісінен туған, үлкен жүректің мол сезімінен жаралған оның барлық мейірі мен махаббатын, қадірі мен құрметін суреткерлік талаптың елегінен өткізіп, әбден екшелеп барып, қапысыз мүсінделіп, кемеліне келтіре жасалған бейне, Ұлпанның тұла бойы тұнып тұрған ерлік пен ізгілік, ақыл мен парасат, әділдік пен адамгершілік.

Туындыда қаламгер өз кейіпкерлері – Ұлпан мен Есеней махаббатын жаза отырып, олардың көңіл-күйін дөп басқан. Есеней – жан-жақты тұлға. Жаратқан оған қара күшпен қатар үлкен ақыл ой берген. Ол таққа отырмаса да хан сияқты елге билік жүргізген. Сол кездегі деңгеймен қарағанда жоғары білімді, оған қоса орыс әскерінің офицері болған.

Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есекей бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады.  «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,  – деп суреттейді жазушы. Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болды. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жықы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді. Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу – Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет.

Мүсірепов «Ұлпанды» жазбас бұрын іштей көп жылдар бойы дайындалған екен. Ол туралы жазушы өз күнделігінде: Менің ойымда Ұлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі есейген кезі, мейірімі, т.б» – деп жазды. Ғабеңнің шеберлігі арқасында Ұлпан халқымыздың аяулы қыздарының бояуы қанық керемет қайталанбас портрет-тұлғасына айналды. Суреткер Ұлпанды қазақтың «Моно Лизасы» деп атады.

 

Мүсіреповтың қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға үлкен үлес қосуы

Ғабит Махмұтұлы, атақты романдарымен қатар, прозаның шағын жанрында да көп еңбек етті. Ондаған очерк, әңгіме, повестер жазып, жариялады. Оның жүзге тарта публицистикалық мақалалары жарық көрді.

Үлкен шебер жазушы әңгіме жанрының көркемдік деңгейін өсірді. Шағын жанрдың мүмкіндігін мейлінше ыңғайлы түрде пайдаланды. «Автобиографиялық әңгіме», «Этнографиялық әңгіме», «Сөз жоқ, соның іздері», «Өмір жорығы», «Айгүл қойшының бір күні», «Қасқырды атқан қайсысы», «Боранды түнде», «Сілекеевтердің кенжесі», «Қыран жыры», «Жапон балладасы», т.б. ірі-ұсақты әңгімелерінде сан түрлі мәселелерді көтеріп, әрқилы образдарды жасады.

Жоғарыда аталған әңгімелердің әрқайсысы қаламгердің өзінің қаламына тән шеберлікпен мейлінше көркем жазылған. Мәселен, Мүсіреповтің романтикалық шығармаларына оның өмірінің мәні жөніндегі келесі ойы айтылатын «Қыран жыры» әңгімесі жатады: «Әркім өзі жетуге ұмтылатын өз биіктігін таңдауы тиіс. Тіпті сен оған жетпеген жағдайда да жету жөніндегі жоғары мақсат сені рухтандырады: тіпті жоғарыға шыққан кезде де болмай қоймас құмарлықтар сені ұятқа қалдырмайтын болсын…» Осы туындысында талантты публицист ретінде қырын өмірін аллегориялық образдар елестетеді.

Ғабеңнің үлкен шеберлікпен жазылған шығармасы – «Этнографикалық әңгіме» атты туындысы. Онда негізгі кейіпкерлердің аты-жөні жоқ. Бірақ олардың сөз сөйлеуі, кескін-келбеті, жүріс тұрысы мен тамақтануына дейін барлығы бір міндетті атқарғандықтан, оқушыға керемет әсер етеді. Кейіпкерлердің түрін көрген соң, оларды сөйлетпей-ақ қоюға да болады.

«Этнографиялық әңгімеде» көркемсөз зергері бір ғана ауылды, ауыл болғанда да төрелердің ауылын суретейді. Суреттей отырып осы ауыл тұрғындарының кәрі-жасының түгел бұрынғылардың жолын ұстағысы келетін, бірақ, Құдай қылса қайтерсіз, бұлардың бұрынғы ата-бабаларының орнықты, жүйелі, өміршең дәстүрлерін ұстана алмай, өңшең бір ұсақ, кертартпа, күйік әдеттерін ұстап қалғанын өздерінше басшылыққа алып, алданып, малданып, тірлік кешіп жатқанын баяндайды. Мұндай ауыл (ел,мемлекет) өсе ме? Әрине, өспейді. Өшеді!

Мүсіреповтің «Этнографиялық әңгімесі» – ешуақытта ескірмейтін, көнермейтін, қазақ әдебиетінің алтын қорына енетін әңгіме. Өйткені мұнда біздің ел болуымыздың өзекті мәселесі, әйгілі жазушының өзі айтқандай «мәңгілігіміздің мәңгілік мәселесі» сөз етілген.

Ғұлама ғалым, сергек саясаткер ретінде Ғ.Мүсірепов туған тіліміздің мүшкіл халін түсініп, тілден айырылған халықта болашақ жоқ деп алғашқы болып дабыл қақты. «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген мақаласы соның куәсі. Бұл шығарма неліктен бұлайша аталған деген ойға келсек, оның көне грек әпсанасымен байланысты екендігі көзге ұрып тұрғанын байқаймыз. Күн шапағының патшасы Гелиос баласы Авгейге малға толы орасан зор патшалық сыйлаған екен. Кейінірек патшалықтағы атқоралардың былыққаны соншалық – Авгей оларды тез тазалап берген адамға бар байлығының оннан бір бөлігін беруге уәде еткен. Бұл істі атқаруға Геракл ниет білдіріпті. Ол Алфея және Пенея өзендерінің арнасын атқоралардың ішін шайып шығатындай етіп бұрған екен.

Демек, Ғабит Махмұтұлы мақаласын жоғарыдағыдай атағанда, терең ойға мегзеген. Егер халқымыздың бойына ерлік, қуат, тапқырлық пен ұшқырлық дарытса, онда ана тіліміз қандай да болсын «қоқыстан» тазаланбақ.

Ғ. Мүсірепов публицистикасында кемеңгер Абайдың алатын орны өте үлкен. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғұламаға қатысты мәселелерді Ғабең оннан аса мақалаларда қамтиды. Бұған «Абайдың өмірі мен шығармашылғы туралы» баяндаманы, «Достық жыршысы», «Абай Құнанбаевті еске алу кеші», «Абай және орыс классикасы», «Абай – қазақ операсындағы жаңалық», «Абай романы туралы» және басқа да шығармаларды жатқызыуға болады. Қаламгер «Поэзия мен ақыл ойдың алыбы, халықтар достығының жаршы» деп аталатын мақаласында: «Абайдың басқа ақын-жазушылардан айырмашылығы – ол бірінші болып өлең сөздің мәнін өте жоғары бағалады, ақынның қоғамдағы атқаратын рөлі халықтың арманы мен мақсат-мүддесін әйгілеуші, сол үшін күрескер екенін айқындап береді», деп басып айтты.

1945-1985 жылдар – Мүсірепов публицистикасының толысқан, шеберлігінің шыңдалған кезеңі. Дана жазушының бұл жылдарда жазғандарында сергектік пен парасаттылықтың ұштасқан көрінісі байқалады. Осы жылдары «Өсер әдебиетке өсірер сын керек», «Айтыс қатарға қосылды», «Алып ақын атамыз», «Феномен – фенике», «Өскен талаптар тұрғысынан», «Назым Хикмет», «Екі Мұхтар», «Әдебиет тілі жайында», «Авгейдің атқорасынан бастайық», «Кино өнерінің келелі мәселелері», «Әдебиетіміздің ізгі дәстүрі», «Очерк көркем шығармадай болсын», т.б көптеген мақала, очерктер жазады. Бұл шығармаларда қоғам өміріндегі келеңсіздіктер сынға алынды.  Публицистің қай мәселе болсын азаматтық позициясы айқын көрініс тапты. Ғабең заман проблемасын көтерді. Көпшілікке толғамды ой тастады.

Ғабит Махмұтұлы 1970 жылдан күнделікті жазуды әдетке айландырған. Оның мұрағатында (мұражайындағы) 300-ден астам қойын кітапшасы сақталған. 1997 жылы «Күнделік» атты кітабы жарық көрді. Сонымен қатар, орыс, батыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару ісімен де  шұғылданды. Сөйтіп, Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетінің барлық жанрын дамытуда аянбай еңбек еткен академик-классик жазушы болды. Оның осы еңбектері жоғары бағаланды.

 

Қаламгердің көптеген дара пьесаларымен қазақ драматургиясын биікке көтеруі

Ғ. Мүсірепов – қазақ драматургиясында М. Әуезовпен қатар тұрған, кей жерлерде өзіндік қолтаңбасымен дараланған үлкен драмарург. Ол қазақ эпостарының інжу-маржандарынан бүгінгі күнге, қазақ халқына, жас ұрпаққа үш арудың бейнесін қалдырды. Олар – Баян сұлу, Ақтоты және Қыз Жібек.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мен «Қыз Жібек» – эпостық шығармалар. Осы дүниелерді драматургияға алып келіп, Шекспир драматургиясының деңгейіне дейін көтеру тек Ғабеңнің қолынан келеді.

Көркемсөз шебері «Автобиографиялық әңгімесінде» өзін атақты және композитор Ақан серінің тағдыры қызықтырғанын жазды. Кейінен осы жолда бас алмай еңбек етіп, Ақан сері мен Ақтотының махаббатын «Ақан сері-Ақтоты» шығармасында әңгімелеп береді. Ғабең Ақан серінің трагедиясы халықтың трагедисымен астасып жатқанын Ақанның домбырасын сындыру арқылы көркем бейнелейді. Жалпы, Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтотысы» – қазақ драматургиясының шыңы.

Әйгілі жазушы тарихи тұлғалар өмірінен «Аманкелді», «Болашаққа аманат», «Қыпшақ қызы Аппақ», «Қайран Мира» атты драмалық шығармалар жазды. Олардың қай-қайсысы да Мүсіреповтің драматург қарымын көрсеткен соқталы туындылар болды.

Қазақ әдетиетінің кенжелей дамыған драматургия саласында «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», замана тақсіретін өнерпаздар арқылы көрсеткен «Ақан сері – Ақтоты» қазақ сахынасынан түспейтін классикалық туындылар, әдебиетіміздің тарихында Ғабит Махмұтұлының орнын жарқыратып көрсетіп ұлы шығармалар. Оны заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзі мойындаған. Ол ағынан жарылып былай деген: «Ғабит Мүсіреповтің айрықша атап өтетін ірі пьесалары: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және Ақан сері туралы жазылған «Ақан трагедиясы» атты пьесалары. Біздің жұртшылық анық жоғары бағалайтын Мүсіреповтің бұл драмалық шығармалары адамның сезімін, көңіл, мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындылықпен сыйпаттайды. Қазақ драматургиясы Мүсіреповтің сол трагедияларының табыстары арқылы жалпы драматургиялық мәдениетінің биік сатысына көтерілді».

Жазушы пьесалары қазақ театры репертуарынан тұрақты орын алды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы ұйғыр, корей театрларының сахналарында, Украйнадағы Винницкий театрында және Мәскеу қаласындағы театрларда, Франциядағы Нанси қаласының театрында (1984) қойылды. Бұл спектакль Париж қаласында өткен театр фестивалінде бірінші орын алды.

Ғ. Мүсірепов – сондай-ақ «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты опера либреттолардың да авторы. Оның «Қыз Жібек» либреттосы 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің он күндігі (декада) кезінде көрсетіліп, зор құрмет-қошаметке бөленді.

Ғ. Мүсірепов драматургиялық шығармаларының негізінде кинофильмдер түсірілді. Сценарийін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған «Амангелді» фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, «Махаббат туралы дастан», «Қыз Жібек» (1970) фильмдері – қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар. Әсіресе, «Қыз Жібек» арқылы Ғабит қазақтың бостандығын, еркіндігін, сұлулығын және ақсүйекті сахнаға да экранға да шығарып кетті.

Драматургия Ғ. Мүсіреповтің жазу мәнері мен көркем жүйесіне барынша жақын жанр болды. Қыз Жібек те, Ақан сері мен Ақтоты да – тарихи тұлғалар. Ал тарихи тұлғаларды жазуда өмірлік шындықтан көркем шындықты ажыратып бейнелеуі – Ғабеңнің үлкен шеберлігі.

 

Ұлы жазушының халқы үшін жасалған ерліктері мен адамгершілік тұстары

Мүсіреповтің қоғам қайраткері ретіндегі, қарапайым адам қатарындағы адамгершілік ұстанымдарын айғақтайтын іс-қимылдары жетерлік болған. Белгілі қаламгердің барлығы дерлік жеке басының қамын ойлап бұғып қалғанда, Ғабең елден ерек бірнеше ерлік жасаған.

Оның біреуі – 1932 жылғы аштық кезінде орын алған оқиға. 1925 жылы Ф.И.Голощекин Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болып келді. Қазақ жеріне аяқ басқанан «Қазақстанда Кеңес үкіметі әлі орнаған жоқ, сондықтан кіші қазан төңкері қажет» деп байбалам салған ол, күнін әзер көріп отырған қарапайым шаруаның күн көрісін ойрандайтын салықтың 16 түрін ойлап шығарды. Соның ішіндегі ең ауыры «мүйіз салық» еді. Әр үйге мүйіз салықты 4-5 килодан, кей жерде одан да өсіріп жіберді. Салықтан құтыру үшін аңқау халықты қолдағы малын, талшық етіп отырған тамағына дейін мүйізге айырбастайды. Салық жинаушылар жоғарыдан жасырын түскен нұсқауды орындау мақсатында, әлгі мүйіздерді ауыл, қала шетіне шығарып, үстіне май құйып, өртеп, жойып отырған. Осындай солақай саясатың салдарынан қазақ ауылдары қатты қысым көріп, азып-тозып кеткен. Тіпті қырылған адамның сүйегін жасыратын адам табыламаған жағдайлар да орын алған.

Қазақ халқының басына төнген бұл қасірет туралы ұлтымыздың оқыған зиялы қауымы айтуға, жазуға, тіпті ойлауға қорыққан. Үкімет тарапынын орын алып жатқан жойқын әділетсіздікке қарсы күресте Мансұр Ғатаулин, Мұташ Даулетқалиев, Қадыр Қуанышев, Елберген Алтынбековтердің бастарын біріктіріп «Бесеудің хаты» деген атпен жоғары билікке батыл наразылық білдірген  Ғабит Мүсірепов болған. Шілде айының бірінші жұлдызында дүниеге келген «Бесеудің хаты» араға бірер күн салып өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің алдынан бір-ақ шыққан. Оның бір данасы «Кремельдегі күн көсем» атанаған мұртты патша – Станлинге де жеткен.

Отызыншы жылдардың басында болған Қазақстандағы алапат ашаршылық кезінде елдің назарын көңіл-күйін ашына жазған «Бесеудің хаты» үшін республика басшысы Ф. Голощекин қуғын ұйымдастырды. «Бесеудің хатының» негізгі авторы Мүсіреповті «жіберген қателіктерді түзет» деп Қостанайға қуып жібереді. Ғабеңді қиян шеттегі Қостанайдың алыс түкпіріне іссапармен жіберген Голощекиннің ойы бесенеден белгілі болатын. Оның берісі «аштан қырылып жатқан халықтың ортасына айдап салып, «тентек жазушыны» тезге салып, тәубесіне келтірсін», әрісі «өзі де сол аштармен бірге өлмесе өмірем қапсын» еді.

Ғабеңнің екінші ерлігі – сол тұстағы бірде-бір әдебиет, өнер қайраткерлерінің қолынан келмеген ерлік. 1937 жылы Қауіпсіздік  комитеті Б.Майлин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіровке өте-мөте қатты шүйлігеді. Басында кейбір қате-кемшіліктерін дабырайтып келіп, халық жаулары етіп жалаулатып кеткеннен кейін үшеуін де бірінен соң бірін түрмеге отырғызады. Соңы болып 6 қазан күні Б.Майлин қамалады. Оны халық жауының сыбайласы деп, 8 қазан күні өткен партия жиналысында Майлинді партиядан шығарады. Әркім өз басын сауғалап жүргенде қорғайтын жанның табылуы екі талай. Ондай бір-ақ адам шығады.

Б.Майлиннің адал екеніне көзі жеткен, өзіне ұстаз тұтқан Ғабең Бейімбетті «халық жауы» деп қаралаған партия жиналысында айтқан мына сөзімен азаматтық танытқан: Биағаң халық жауы болса, мені де сол кісінің нақақ жаладан опық жеген тобында деп есептеңдер, жарандар! Бүкіл өмірін туған халқы үшін сарп етіп, қаршадайынан соның мұң-мұқтажын жоқтап, даналық сұрыптап хатқа түсіріп, әдебиетінің іргесін қаласып, бүкіл Қазақстан жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленген азаматты «халық жауы» деп қаралауға қалайша ауыздарың барады, ар-инабат, намыс деген қайда? Бүгін Бейімбет Майлинді қаралап, оның адал еңбегіне күйе жағып, ғажап дарынын қызғаныштан қорлап отырғандарың ертең-ақ халық алдында иә, тарих өткелінде қарабет болмасына кім кепіл?! Қысқасы мен өзім Би-ағаның жау екеніне сенбеймін! Мына жиында – ортамызда қой терісін жамылып, шынында да бұғып жүрген халық жазушыларының зиянды әрекеті…» бұл оқиға жайлы қазақ зиялылары талай тілге тиек етіп келеді.

«Алыптар тобының» заңғары осындай «жат» қылықтары үшін таяу арадан шығарылып, жұмыстан қуылады. Арыстандарымыз бірінен соң бірі әшкерелеуге ұшырап, қапасқа түсіп, қуғында жүріп, құрбан болып жатқанда Ғ. Мүсірепов Мәскеуге барып бой тасалап аман қалады. 1957 жылы Бейімбет ақталғаннан кейін Ғабең партиялығын қайтып алып, қайтадан атқа міне бастайды.

Ғабит Махмұтұлы азаматтығы жөнінен де, адамгершілігі жөніннен де өз әріптестерінен оқ бойы озық болған. Мәселен, 1943 жылы М.Әуезовтің «Абай жолы» романы талқыға түскенде ол романға оң баға беріп, Мұқаңа қамқорлық жасаған. Ал, жетпісінші жылдарда Жүсіпбек Аймауытовты ақтау туралы мәселемен Д.Қонаевтың қабылдауына екі рет кірген екен. Бірақ бір топ жазушыларымыз бен ғалымдарымыз: «Ж. Аймауытовты ақтау дегеніміз – Кеңес өкіметін түп-тамырымен жоққа шығару», – деп арнайы хат жазған. Оны Орталық Комитетке жолдап, Мүсіреповтің жолын кесіп тастаған.

Жазушылар одағы әр жерде «шашырап» жүргенде, бүгінгі Жазушылар одағының ғимаратын Орталық комитетпен тартысып жүріп алып бергені Ғабеңнің кейінгі бір ерлігі. Тағы бір ерлігі – 1985 жылы Жазушылар одағында өткен жиналыста «Ана тілімізді арымыздай ардақтайық» деген тақырыпта баяндама жасауы. Жасы келіп қалса да, сол кездегі жаушылардың бәрінің шығармасын оқып, талдау жасаған. «Осы баяндаманы жасау мені қалжыратып кетті. Қаншама роман, повесть әңгіме оқуға тура келеді» деп жазыпты өзі.

Ғ. Мүсірепов соңғы демі бітер сәтте де ерлік туын жықпаған алыптар тобының соңғы өкілі. Бұл оқиға 1985 жылдың 28 жетоқсанында болған еді. Ғабең «қалам ұстауға халі болмағандықтан көңілін сұрауға ауруханаға келе қалған Әлжаппар Әбішев пен Мұхтар Мағауинге айтып жаздырған» соңғы  хат – соңғы ерліктегі сом алтын сөз. Ұлы жазушының ақырет сапарына аттанып бара жатқан сәттегі ақырғы тілегі мынау еді: «Туған елге соңғы сөз.  Кешегі өткен Ғабиден досқа «енді екі жыл жүрсек жетпей ме» дегенім бар еді. Сол мөлшер екен. Қойыны суық қасиетті қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын.

Үкіметтен, күреспен, секіммен өткізген ұзақ ғұмырды қорыта қарасам, қуанышым да ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық, бірақ әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда ұлт ұлы болып есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде, саналы тірдік те жоқ. Кейде мыстың – алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны – осының кесірі. Үлкен өнердің үлкен таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиеті атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы…

Ал қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар!».

Бұл ұлттың рухын көтерген сұңғыла суретер Ғабит Мүсіреповтің – соңғы ерлігі болатын.

 

Аты аңызға айналған суреткердің зор құрметке, сыйға бөленуі

Ғабит Махмұтұлы қазақ жазушылары ішінде құрметі де, сыйды да көп көрді. Бүкіл әдебиетшілер қауымы, үлкені бар, кішісі бар, оны аға тұтты. Атын да атамай, «Ғабе» деді. Елі құрметтеді. Ғабең үшін ең жоғарғы атақ Қазақ КСР Халық жазушысы атану. Осы атаққа ол 1984 жылы ие болды. 1974 жылы қазақ жазушылары ішінен Соцалистік Еңбек Ері атанды. Бесінші сайланған КСРО Жоғары Кеңесінің  және 6, 7, 8, 9, 10, 11 – сайланған Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болды. 1974-1975 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болды. Азия және Африка елдері жазушыларының Ташкент, Бейрут, Дели, Алматы конференцияларының белсенді ұйымдастырушыларының бірі болды. Жазушы бейбітшілік күрескері ретінде Алматы мен Мәскеуде ғана емес, Париж, Рим, Джакарта, Токио, Каир, т.б. қалаларда өткен халықаралық конференцияларда сөз сөйлеп, күрделі мәселелерді көтерді. Мүсіреповке Қазақстан Ғылым академиясының академигі атағы ірі жазушы ретінде беріле салған құрмет емес. Оның әр саладағы энциклопедиялық білімін, сыни зерттеу еңбектерін, ғылыми маслихаттағы терең тұжырым, жаңалықтарға толы баяндамаларын ескере, сайлау арқылы берілген атақ болды.

«Ұлпан» романы жарыққа шыққанда ғұламалардың айтқан мына бір сыры баршаға мәлім: «Мансапқа менің өкпем жоқ. Кәдімгідей лауазымды қызметтерде болдым. Мүшелік, депутаттық дегеннен кенде емес едім.  Атақ та бар. Бірақ соның бәрі өткінші. Өткінші емес бір нәрсе: ол – жазу. Жазушының қай күні қаламы тоқтаса – оның өлген күні сол. Одан кейін жасамаса да болады». Ғабең тіршілігінде соңғы күніне дейін қолынан қаламын түсірген жоқ. 1970 жылы ол классикалық шығармасы «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі үшін Абай атындағы Қазақ КСР Мүсіреповтің сөз зергері ретіндегі қаламгерлік қарымын, талант қуатын танытты. Қара сөзбен жазылған поэма іспетті осы шығармада азаматтық ерлік пен ақындық асыл өнер, адамгершілік биіктік пен махаббат терең лиризммен әсем өрнектелген. Бас кейіпкер Еркебұланның прототипі ретінде ақиық ақын Сәкен Сейфуллин алынған.

1977 жылы Ғабең «Суреткер парызы» атты кітабы үшін Қазақ КСР ҒА-ның Ш.Уалиқанов атындағы сыйлығын алды. Үш мәрте Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы» ордендерімен көптеген медальдармен марапатталды. 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысындағы бір ауданға, Қазақ мемлекеттік есімі берілді. Театрдың алдына ескерткіш мүсіні қойылды.

Ғабит Мүсіреповті әлем жұртшылығы мойындады. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2002 жылы акадамик-жазушының 100 жылдығын атап өту туралы шешімі осының дәлелі болып табылады.

1991 жылы қайраткер тұрған үйде Ғ. Мүсірепов атындағы әдеби-мемориялық мұражай үні ашылды.

 

Қорытынды

Таланттар тау сияқты. Алқаракөл шыңдары аспанмен таласқан асқар тауларға алыстан қарасаң – суық сұсты, жанына барсаң – ол жел жақтағы – сояң, ық жақтағы – панаң. Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповте сондай, тау тұлғалы, қыран мінездес талант еді!

Бұл жерде қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлкес қосқан Сәбит Мұхановтың Ғабең жөнінде атап көрсеткен ерекшеліктеріне назар аудармай өту мүмкін емес: «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тән бірнеше өзгерешеліктері бар: біріншісі – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды, екінші –бойына сіңбеген тақырыпты тез жазып тастауға асықпайды, үшінші – жазатын шығармасын күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды, төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-хадары жеткенше олпы-солпысыз шығарады, бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды, алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады, жетінші – адам портіретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі».

Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетінде Ғабит Мүсіреповтей стилист болған емес. Сондықтан ол алыптар тобының шашасына шаң жұқпас жүйрігі болды. Жазышының қолынан шыққандардың көбісі шын зергер ұста соққан бұйым деп саналуы керек сияқты. Белгілі ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің пайымдауынша, стилист ретінде Ғабеңнен асқан қазақ жазушысы болған жоқ деуден еш қысылмауымыз керек».

Ғабит Махмұтұлы – қазақтың ар-ұяты дерлік кісісі-тін. Оны өмірде ұлы Абай айтқан жарық дүниенің толық адамы болып өткені күмәнсіз. Ол туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Ш. Елеукенов мынандай баға бергені мәлім: «Ғабеңнің ақылы қоғамның алдыңғы сапында жүреді. Ой-сезімі қорытқан шешімді жүзеге асыруда тайсалған жоқ, нағыз қайраткердің өзі болды. Ендеше, заманымыздың толық адамы Ғабең екендігіне сөз бар ма?!».

Хас шебер суреткердің: «Қай халықтың болса да, мәдениет, көркем сөз, көркем өнерін жоғары көтеріп, жалындатып жіберуге жүз талант көптік етпейді, он талант  аздық етпейді» деген қанатты сөз бар. Сөз жоқ, өзінің құнды шығармаларымен  Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов ХХ ғасырдағы шоқтығы биік жазушылардың бірі де бірегейі.

Рашит КАРЕНОВ,

 академик, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің еңбек сіңірген қызметкері

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *