Ораза айт мерекесі аталып ґтті

Рамазан айының аяқталуымен келетін үш күндік Ораза айтының қадір-қасиеті ерекше. Үш күн тойланатын Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен басталды. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Айт күні бірінші орындайтынымыз — намаз оқу», — деген екен. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қалдырмай оқыған. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені Абай ауданының халқы айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке. Айт күнінің негізгі ерекшеліктері — адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады.

Осы орайда Абай қалалық мешітінде айт намазынан соң ауқымды іс-шаралар өткізілді. Бас имам Аманболды қажы Рымқұлұлы таң намазынан бастап, айт намазына дейін тұщымды уағыз айтып, халықты шүкіршілік пен татулыққа үндеп, ораза айтының мән-маңызын түсіндірді. Бас имамның басшылығымен қалың жамағатқа айт намазынан соң ас дайындалып, дастархан жайылды. Бұқара халық бір-бірін айтпен құттықтап, берекелі дастарханнан дәм татты. Одан соң спорттық сайыстар жоспар бойынша өткізілді. Қол күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, күрес жеңімпаздарына марапаттау қағаздары мен арнайы сыйлықтар табысталды.  Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысқан ауқымды мерекелік іс-шара өз мәнінде атқарылды.

Бұл мереке күндері мұсылман бауырларымызға мейіріммен қарап, ауру — сырқаулардың көңілін сұрау, кембағалдарға қарайласып, қуандыру — ең сауапты да абзал іс. Ендеше қасиетті Рамазан айынан кейін келген Мүбәрак Ораза айт мерекесі баршамыз үшін құтты болсын!

М.Балкеева

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *