АЙТТАН АЙТҚА АМАНДЫҚПЕН

Барша мұсылман сағына күтетін Құрбан айт мерекесін аудан халқы айрықша дайындықпен қарсы алды. Шамасы келген әр мұсылман Алла разылығы үшін құрбан шалып, дініне, иманына адалдығы мен шынайы ықыласын білдірді. Бұл күні ауданымыздың орталық мешітіне құрбан айт намазына жиналған жұртты бас имам  Аманбол қажы Рымқұлұлы құттықтап,  айттан айтқа аман есен жеткізсін деп игі тілегін жеткізді.
Шариғат талабына сай бұл күнгі мейрам айт намазын оқудан басталды. Мешіттердегі мінәжаттан соң жамағат құрбандық шалып, мал етін мұң-мұқтаждарға таратты. Айта кету керек, ауданымыздың кәсіпкерлері құрбан айт мейрамына бұл жолы да құр алақан келген жоқ. Ауданымызға танымал кәсіпкер Хамзат Зайтаев 40 келі күріш және бір қойдың етін және минералды су мен шәйді тегін таратса, қаламыздағы шұжық шығару кәсіпорны «Волынка» ЖШС-нің атқарушы директоры Данияр Сәкенов те жомарттық көрсетуден жаңылмады. Бұл жолы кәсіпкер 50 келі күріш пен 1 қойдың етін тегін таратқан. Ыстық тамақпен қамтамасыз еткендерге тағы бір көмек қолын созған кәсіпкер Игорь Казымов болды. Ол құрбан айт мейрамында барлық жиылған қауым пісірілген астан дәм татуға мүмкіндік болатындай етіп, ыдыс-аяқпен қамтамасыз ету жағын қолға алды.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадис шәріптерінің бірінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде құрбан шалудан сүйікті ешбір іспен Алла тағалаға жақындаған емес» деп құлшылықтың мәнін түсіндірген.

Қазақы әдет ғұрпы Тәуелсіздікпен қайта түлеген қазақ жұрты бұл күні дастарханын жайып, ағайын-туыс, көрші-көлем бір-біріне айттап кіріп, төс қағыстыра амандасып, айт мерекесі күні ерекше көңіл күй қалыптастырып, ұлттық, бұқаралық сипат алды. Осындай игі дәстүр мұсылман қауымының әрбір үйінде  жалғасын тапты. Айттап келген көрші-көлем, ағайын-туысын ақ дастархан жайып, құшақ жая қарсы алды. Барлығының аузында бір тілек: ел бірлігі арқасында жылдан-жылға, айттан айтқа аман-есен жете берейік деген  жүрекжарды лебіздер.

Құрбан айт мейрамының алғашқы күнінде орталық мешіт алаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Тұңғыш рет кір тасын көтерудің орнына ер жігеттер мойындарына салмағы 30 келі тартатын қой көтеріп жарысты. Сондай-ақ қазақ күресі, арқан тарту, қол күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс өтті. Жеңімпаздар түрлі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
М.Балкеева

 

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *