Топар кентінде Жұмабек Тәшен атындағы мешіт ашылды

Отыз күн оразадан соң қасиетті айт күні Топар кентінде Жұмабек Тәшен атындағы жаңа мешіт ашылды. Осыдан бірер жыл бұрын рамазан айында құрбандық шалынып, құран оқытылып,  іргетасы қаланған мешіт құрылысы енді міне, халық игілігіне беріліп отыр. Мешіттің салынуына мәрт меценант Арбиев Елтай  Төлеутайұлы  мұрындық болған. 200 орынға арналып салынған көпке үлгі әрі сауапты іске бүгін Топар кентінің тұрғындары куә болды.

Отыз күн оаразадан соң, қасиетті ораза айтында  Топар кентінде сәулеті мен келбеті келіскен Жұмабек Тәшен атындағы мешіт  мұсылман жамағаттың пайдалануына берілді. Имандылық үйінің құрылысы кәсіпкер Арбиев Елтай Төлеутайұлының демеушілігімен жүргізілген. Мәрт жанды кәсіпкердің бұл бірінші салдырған мешіті емес. Әр шаңырақтың несібесін молайтып, берекелі ауылдың әрбір игі ісіне қол ұшын беріп жүрген азамат өзі жұмыс жасаған барлық облыстарда мешіт пен ғибадатханаларды салуға үнемі мұрындық болып жүреді.

Айта кету керек, бұл Топар кентіндегі екінші мешіт. Мешіттің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Мұрат Мағзин, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, облыстың бас иамамы Өмірзақ қажы Бекқожа, аудандық орталық мешіттің бас имамы Аманболды қажы Мұқаев, сондай-ақ Жұмабек Тәшеневтің келіні, профессор  Фатима Сыдыққызы арнайы келіп қатысты.

Мешіттің салттанатты ашылуында сөз алғандар жиналған жамағатты қасиетті ораза айтымен және мешіттің ашылуымен құттықтады. Ақын Серік Тұрғынбайұлы жыр жолдарын арнаса, алаштың ардақты азаматының келіні Фатима Ысқаққызы мешітке ерекше сый тарту етті. Мешіттің ашылу салтанатына жиылған халық шашу шашып, бір-бірінен  сүйінші сұрап жатты.

Қасиетті жұма күні жұртшылық игілігіне пайдалануға берілген Жұмабек Тәшен атындағы  мешітте бүгін алғаш рет жамағатпен жұма намазы оқылды. Жаңа мешіттің бас имамы болып тағайындалған Камалжан Мирзоев   имамдыққа шығып, жаңа жұмысындағы алғашқы қызметін орындады.

Сәнді де сәулетті мешіттің Жұмабек Тәшен атындағы мешіт деп аталуы да бекер емес. Ұлтының басына күн туған, қиын кездерінде қасынан табылған Жұмабек Ахметұлы қазақ жерінің телім-телім болып, ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетпеуі үшін жан аямай күрескен ұлы отаншылы.  Ата-баба аманатына адалдығымен, жерін жатқа беруге қарсы жан аямай күрескен ерлігімен, өз еліне адал азаматтығымен есте қалған қайсар азамат.

Саналы ғұмырында сындарлы сырбаз тұлғасымен, көркем мінез, кең дүниетанымы, биік мәдениет тілегімен, терең де жан-жақты білімімен, халқына сіңірген ерен еңбегімен жұ¬рт қадіріне бөленіп, артында ғибратты тағылым, өнегелі із қалдыратын негізі текті, бейнесі бекзат, рухы асқақ, ары кіршіксіз, көңілі пәк дегдарлар болады. Оларды ел «асылдың сынығы» деп ұрпақтарына үлгі етіп, көзкөргендер елге өлгенше ұлағатын қастерлеп сүйсіне естеріне алады. Адам тіршілігінің мағына-мәнділігі де, бағы мен бақыты да, арманының баяндылығы да осында.

Меруерт Арғын

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *