ҚАСИЕТТІ ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ

Мұсылмандардың ең ұлық мерекелерінің бірі – Құрбан айт, қасиетті Ораза айттан кейін 70 күннен кейін тойланатын мереке. Құрбан айт Зулхижа айының оныншы күні, Арафа күнінен кейін келеді. Биылғы жылы Құрбан айт мерекесіне арналған іс-шара әдеттегідей Абай ауданының орталық мешітінің ғимаратында өтті. Қаламыздың мүсылман тұрғындары таңғы сағат жетіде орталық мешітке жиналды. Құрбан айт айт намазын оқудан басталып, үш күнге созылатын мейрам. Айт намазының алдында ауданымыздың бас имамы Аманбол қажы Рымқұлұлы келген жамағатқа Құрбан айт мерекесінің маңызы жайлы, құрбандыққа мал шалу турасында ақпарат беріп, уағыз-насихат жүргізді. Негізінен құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малы секілді түліктерді шалуға болады. Және де осы шалынатын малдың ауру болмауы, соқыр болмауы басты шарттардың бірі екен. Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды тек бір адам ғана, ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп соя алады. Бас имам құрбандыққа шалынатын малды ешқандай мақтан үшін, елге көрсету үшін емес, таза Алла Тағаланың ризалығын алу мақсатында сою негізгі шарт екендігін де атап өтті. Осы жерде Ибрахим (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар мен оның ұлы Исмайыл (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбардың атақты қиссасын айтты. Аманбол қажының уағыз-насихатынан кейін, барлық жамағат имамның артына сапқа тұрып, құбыла тарапына бет бұрып, айт намазын оқыды. Айт намазынан кейін ақсақалдар дұға жасап, Құрбан айт мерекесі барша елімізге құтты болып, тек қана өзінің жақсылығын, берекетін әкелсін деп бата жасады.

Келесі кезекте жамағаттың біршама бөлігі мешіттің жанында орналасқан арнайы алдын ала бекітілген орынға барып құрбандық шалды. Жылда ұйымдастырылатын әдетпен жеке меншік шаруашылық иелері алдын ала өзінің құрбандыққа арналған түліктерін осы құрбандық шалатын орынға жақын жерге алып келген болатын. Осылайша құрбандық шалуға ниеттенген қала халқы дәл осы жерден малды сатып алып, оны бірден шалуаға мүмкіндік алды. Ал шалынған малдың бір бөлігі – құрбан шалушының туған-туыстарына және бай болса да көршілеріне таратылады. Екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Сондықтан, мешіттің қызметкерлері алдын ала осы етке мұқтаж адамдардың тізімін жасап, еттің бір бөлігін осы тізім бойынша қаламыздың мұқтаж халқына таратып берді.

Құрбан шалу рәсімінен кейін ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Соның ішінде қол күрес (арм-реслинг) , қазақ күресі, арқан тартыс және қой көтеру жарыстары болды. Бұл жарыстарға ниет білдіргендер қатысып, үздік нәтиже көрсеткендері мадақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бұл мерекеде барша қауым көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, кешірімді болуға тырысу керек екен. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады екен. Осылай, бүтін мұсылман баласы адамдарды бір-бірінен алыстатпай, қайта жақындата түсуді насихаттайтын хақ дін – Ислам діні мен Пайғамбарлардың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ісін қайта жаңғыртады. Осы орайда, мешітке жиналған қауым да құрбандық шалу аяқталғаннан соң, үйді-үйге көтеріңкі көңіл-күймен тарасып жатты. Алла Тағала ауданымыздың барша халқының осы мерекеде тілеген дұға-тілектерін қабыл етіп, келесі жылғы Құрбан байрамға аман-есен жеткізсін!

А.Қанатұлы

Жауап беру

Сіздің почтаңыз көрсетілмейді. Обязательные поля помечены *